Медициналық сақтандыру қорына қызылордалықтар 4,5 млрд. теңге аударды.
Биылғы наурыз айында Медициналық сақтандыру қорына Қызылорда облысының тұрғындары 258,2 млн. теңге аударды, - деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Руслан Бектібаев.
Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 31 наурызы аралығында жинақталған жарнаның жалпы сомасы 4,5 млрд. теңгені құрады. Оның 96,5% жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 3,5 % – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Жалпы, бүгінде қазақстандықтар қорға 157,8 млрд. теңге аударды.
Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген.