Сыр елінің сөзі құрылтайда естіледі
Ел өміріндегі маңызды саяси институттың бірі – Құрылтай. Мұнда халық көкейіндегі өзекті мәселелер көтеріліп, ел дамуына қатысты маңызды бастамалар талқыланады. Сондықтан Құрылтай депутаттығына сайлану – үлкен сенім ғана емес, зор жауапкершілік. Бұл тұрғыда Сыр елінен әртүрлі саяси партиялардан Құрылтай құрамына енген жерлестеріміздің болуы – аймақ үшін де маңызды оқиға.«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына Сыр өңірінен Серік Қожаниязов пен Мағжан Ералиев, Нұркен Бақытбекұлы, Ирина Тен сайланды. Оларға артылған сенім – халықтың үмітін ақтап, өңірдің өзекті мәселелерін елдік деңгейде көтере білу жауапкершілігін жүктейді.
Серік Салауатұлы – мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейінен өтіп, тәжірибесі толысқан азамат. Ол әр жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде, Премьер-министр Кеңсесінде қызмет жасап, Президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі болды. Сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қызылорда қаласының әкімі секілді жауапты қызметті атқарды. Сыр өңірінен шыққан тағы бір белгілі азамат, «Ер-Ару-К» ЖШС директоры, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болған, Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы Нұркен Бақытбекұлы да Құрылтай депутаты атанды. Кәсіпкерлік саласында тәжірибесі мол, ел ісіне белсене араласып жүрген азаматтың Құрылтай құрамына енуі де өңір жұртшылығы үшін қуанышты жаңалық.
Ал Мағжан Абзалұлы – жаңа буынның өкілі. Ол кәсіпкерлікпен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, жастар мәселесіне белсене араласып жүрген азаматтардың бірі. Қайырымдылық жобаларына қатысып, әлеуметтік бастамаларды қолдап келеді. Жастардың қоғамдағы орны, олардың мүмкіндігі мен болашағы секілді мәселелерге үнемі назар аударып жүрген Мағжан Ералиевтің Құрылтайға келуі – жаңа көзқарас пен тың бастамалардың көрінісі.
Ал журналистика саласының өкілі Ирина Теннің Құрылтай депутаты атануы қоғамдағы түрлі саланың өкілдері жаңа саяси құрылымнан орын алғанын аңғартады. Тележүргізуші, журналист ретінде көпшілікке танылған ол қазіргі таңда «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі. Ақпарат саласында ұзақ жыл еңбек еткен маманның Құрылтай құрамына келуі қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді деген сенім бар.
«Ауыл» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты болып Сыр елінің тағы бір перзенті Шахмардан Байманов сайланды. Шахмардан Асқарұлы еңбек жолын жастар саласынан бастап, қоғамдық ұйымдарда, жергілікті атқарушы органдарда және орталық мемлекеттік құрылымдарда жауапты қызметтер атқарды. Ақмола облысының жастар саясаты басқармасын басқарды, республикалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы болды. Кейін Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Сыр елінің тағы бір перзенті, «Respublica» саяси партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров та Құрылтай депутаты атанды. Бұл – жерлесіміздің елдік мәселелерді талқылайтын маңызды алаңдағы қызметіне көрсетілген сенім.
Осылайша, Сыр өңірінен шыққан, әр саланың өкілдері – тәжірибелі мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, жастар көшбасшылары, журналистер мен қоғам белсенділері Құрылтай құрамынан орын алды. Олардың әрқайсысы әртүрлі саяси бағыт пен өмірлік тәжірибені танытқанымен, барлығына ортақ міндет бар.
Б.ОРДАБЕКОВ










