Сырдариялық «Әбсадықовтар» отбасы сайлауға белсенді қатысты
Сырдария ауданы, №166 сайлау учаскесінде ұлттық «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының жеңімпазы – «Әбсадықовтар» отбасы дауыс беріп, өз азаматтық борыштарын орындады.Берекелі әулет сайлау учаскесіне бірліктің үлгісін көрсетіп, балаларымен, келіндерімен және немерелерімен бірге келді. Барлығы 10 адам болып дауыс беруге қатысқан отбасы мүшелері ел болашағына бейжай қарамай, ұрпаққа өнегелі үлгі көрсетті.
– Елдің дамуы мен тұрақтылығы әрбір азаматтың белсенділігіне байланысты. Сондықтан біз отбасымызбен бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық. Бұл – әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі мен борышы, – дейді «Әбсадықовтар» отбасының отағасы.
Сайлау учаскесінде отбасы мүшелеріне дауыс беру тәртібі түсіндіріліп, қажетті бағыт-бағдар берілді. Әулеттің ұйымшылдығы мен белсенділігі тұрғындардың назарын аударып, қоғамдағы азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын айқын көрсетті.
«Әбсадықовтар» отбасының бұл игі қадамы жастарға үлгі болып, тұрғындарды қоғамдық-саяси науқандарға белсенді қатысуға үндейді. Осындай өнегелі бастамалар қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтып, ел болашағына деген жауапкершілікті арттыра түсетіні сөзсіз.











