Өңірдің даму қарқыны тұрақты өсіммен сипатталады
ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ баспасөз конференциясында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады.Бүгінде Сыр өңірінде сәтті жобалар жолға қойылып, ауқымды жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Әрбір салада айтулы оң көрсеткіштерге қол жеткізіліп, өңір халқы 2025 жылды қорытындылауда. Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі облыста атқарылған бірқатар жұмысқа тоқталып өтті.
«Қызылорда облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. 2022-2024 жылдары облыс экономикасына 1 трлн 600 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Биылға 631 млрд 400 млн теңге жоспарланған. Бүгінде жаңа жобаларды іске қосу арқылы инвестиция 750 млрд теңгеден асып, жоспар артығымен орындалды. 2021 жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 233 пайыз артса, жеке инвестиция үлесі 70 пайыз. Экономиканы әртараптандыруда алдағы жылдары 2,8 трлн теңгенің 98 инвестициялық жобасы жоспарланған. Бұл 12 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Биыл 300 млрд теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба іске қосылды» деген облыс әкімі аймақта өз жұмысын жандандыра бастаған жобаларға тоқталып өтті.
Одан кейін ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек еткен Н.Машбекұлы осы жылы бұл көрсеткіштің 234 млрд 800 млн теңгеге жеткенін, қазіргі таңда 6 млрд 400 млн теңге болатын 9 жоба іске қосылғанын айтып өтті.
– Ауыл шаруашылығының машина-трактор паркі жаңартылып, 2022-2024 жылдары 21 млрд 800 млн теңгеге 647 техника алынса, осы жылы 4 млрд 700 млн теңгеге машина-трактор паркі 139 ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтырылды. Дер кезінде қабылданған шешімдердің негізінде егіс алқаптары толық сумен қамтамасыз етіліп, егінді шығынсыз алып қалуға барынша жағдайлар жасалды.
Президент тапсырмасымен аймаққа Премьер-министр бастаған Үкімет делегациясы арнайы келіп, шаруалардың жағдайымен, егістің жай-күйімен танысты. Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрамды жеткізіп, екі ай бойы шаруалардың игілігі үшін ауқымды жұмыс атқарды. Үкімет резервінен 53 насос қондырғысын алуға қажетті қаржы бөлінді. Дер кезінде қабылданған шешімдер егінді шығынсыз жинап алуға жол ашты. Өңірде биыл 189 600 гектарға егін егілді, 80 900 гектарға себілген күріштің әр гектарынан 58,1 центнерден өнім алынып, 470 мың тоннаға жуық астық жиналды, – деді Н.Нәлібаев.
Ал аймағымызда экономиканың барлық саласында 2022-2024 жылдары 80742 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 2025 жылдың 11 айында 27964 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ облыс әкімі Мемлекет басшысының қолдауымен ауқымды жобалар жұмысын жүйелі айтып өтті. Оның ішінде «AKSA Energy» түрік компаниясы 215 млрд теңгеге Қызылорда қаласында салған қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығының жұмысына ерекше тоқталды. Орталыққа бюджет есебінен 15 млрд теңгеге 45 шақырым газ құбыры жүргізілді. «Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынған жобалардың бірі. Жаңа орталық 240 мегаватт электр қуатын, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Электр энергиясымен өңірімізді ғана қамтамасыз етіп қоймай, бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сатуға мүмкіндік туады» деді Н.Нәлібаев брифингтегі баяндамасында.
Бұдан бөлек облыстың барлық елді мекендері 100 пайыз орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілгені, өңірде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жеткендігі, облыстың құрылыс көлемі бойынша республикада көшбасшы өңірлер қатарында екендігі баяндалды. Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы үш жылда 51 мектеп күрделі жөндеуден өтетінін, осы мақсатқа сәйкес биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртылғанын айтып өтті. Брифингте өңірдің медицина саласы да сөз болып, облыста биыл 48,6 млрд теңгеге 43 медициналық нысан іске қосылғаны айтылды. Мәдениет пен руханият саласындағы ауқымды жұмыстар баяндалып, мәдениет саласы қызметкерлеріне тұрғын үй салынып, 40 пәтер табысталғаны баяндалды. Облыста соңғы үш жылда 21 спорт кешені бой көтерген. Мемлекет басшысының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерінің санын көбейту тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында жаңа стадион салынуы – ең үлкен жаңалықтың бірі болды. УЕФА-ның ІV санатты сертификатын алған 11 мың орындық заманауи нысанда ауқымды спорттық шараларды өткізуге барлық мүмкіндік бар.
Бұл ретте облыс әкімі Н.Нәлібаев өңірдегі оң өзгерістерді баяндады. Осы орайда облысқа жақын орналасқан біздің Сырдария ауданында да ауқымды жұмыстар жүргізілгенін айта кету орынды. Биыл ауданға қарасты бірнеше ауылдық округ «көгілдір» отынға қол жеткізсе, тозығы жеткен электр бағаналарын жөндеу жұмыстары да жалғасын тапты. «Ауыл аманаты» жобасы негізінде тұрғындар жұмыспен қамтылды. Білім ордалары күрделі жөндеуден өтсе, жолдар асфальтталып, ауылдық амбулаториялар қызметі жандандырылып келеді. Одан бөлек теміржол вокзалы құрылысы қарқынды жүргізіліп, алдағы уақытта аудан инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімінің серпімді жұмысы аясында өңір халқының тұрмысы түзеліп, шағын ауылдардың да ахуалы күн санап артып келеді. Бұл ретте ауқымды жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











