Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевты мерейтойымен құттықтады

Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевты мерейтойымен құттықтады

Сыр елінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың 70 жасқа толуына орай арнайы басқосу өтті.

Оған Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рустемов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұлтанов, Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстанның Еңбек Ерлері Ұзақбай Қарабалин, Юрий Пя, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, мерейтой иесінің әріптес-достары, басқа өңірлерден келген қонақтар қатысты.

Алдымен Қырымбек Көшербаевқа Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының арнайы құттықтау хаты табысталды.

Аймақ басшысы мерейтой иесін «Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттап, халқымыздың игі дәстүріне сай сый-құрмет көрсетті.

«Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, абыройға, сый-құрметке бөленген аға буын ішінде Қырымбек Елеуұлының тұлғалық келбеті, адами болмысының ерекшелігі өз алдына бөлек. Ел аманатын арқалап, халық құрметіне кенелген ардақты ағаларымыздың ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі ету, лайықты құрмет көрсету – біздің басты парызымыз.

Қырымек Елеуұлы ел Тәуелсіздігінің елең-алаң кезеңінен бастап табанды қызмет етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосты. Қазақ елінің бірлігін нығайтуға, ұлт руханияты мен мәдениетін дамытуға сіңірген еңбегі елге белгілі. Қызмет барысында әркез байыпты бастамаларды іске асырды.

Сыр өңірін басқарған уақытта елдің еңсесін тіктеуде ауқымды жұмыс атқарды. Мемлекет ісі мен ғылымды қатар ұштастырған өмір жолында, сан-салалы қызметте жинаған мол тәжірибесі кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге.

Сізді жерлестеріміздің, өзімнің атымнан мерейлі 70 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын», – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты жиында Қуаныш Сұлтанов, Наурызбай Байқадамов, Ұзақбай Қарабалин, Юрий Пя, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев, ҚР Президенті Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің сарапшысы Еламан Меңдіқұл мерейтой иесінің еңбек жолына тоқталып, ізгі лебіздерін жеткізді.
Қырымбек Елеуұлы қызмет барысындағы естеліктерді айтып, көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

Өнегелі істердің ұйытқысы болып, халықтың ықыласына бөленген, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына алғашқы күндерден бастап атсалысқан мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Білім және ғылым, мәдениет, денсаулық сақтау, спорт министрі, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының әкімі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі, Премьер-министрдің орынбасары, Президент Әкімшілігінің басшысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болған.

Елге жасаған еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

21 мамыр 2025 ж. 155 0