Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу кабинеттеріне мониторинг жүргізілмек

Оқу кабинеттеріне мониторинг жүргізілмек

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және спорттық үйірмелерін жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында мемлекеттік тапсырысты орындау мәселелері қаралды.

Аймақ басшысы мемлекет қаражатын тиімді жұмсауды ескертіп, облыстық деңгейде арнайы мониторингтік топ құрылғанын атап өтті.
«2021-2024 жылдары балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және спорттық үйірмелерін жан басына қаржыландыру бағдарламасына облыстық бюджеттен 19,2 млрд.теңге бөлінді. Аталған бағдарламаға 2023 жылы 7,1 млрд. теңге жоспарланып, мониторинг жүргізілген соң 3,8 млрд. теңгесі бюджетке қайтарылды.

Бюджет қаражатын талан-таражға салуға жол берілмейді, ол үшін мониторинг ұдайы жүргізілуі тиіс. Осы мақсатта адамның бет-әлпеті арқылы жеке басын анықтайтын биометриялық технологияны, яғни Face ID мобильді қосымшасын жедел орнатуды тапсырғанмын. Алайда, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ! Кәсіп иелерімен келісім толық жасалмады. Бұл мәселе бойынша менің тапсырмаммен облыстық деңгейде арнайы мобильді мониторингтік топ құрылды. Топ жедел әрекет етуі үшін Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері де тиісті сала мамандарын оның құрамына енгізіп, жұмыс ауқымын кеңейтуі керек. Құрамына СЭС, полиция, салық, төтенше жағдай мамандарын, мәслихат депутаттарын, қала және аудандардағы білім, мәдениет, спорт бөлімдерінің басшыларын, қоғам белсенділерін, үкіметтік емес ұйымдарды, бала құқықтары бойынша уәкілді, тағы басқа қызметкерлерді кеңінен тарту қажет. Топ ертең толық жасақталып, жұмысқа кіріссін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мониторингтік топ сабақ өткізетін үй-жайда ыстық және суық су, дәретхана, кәріз жүйесі болуын, санитариялық талаптардың сақталуын, балалардың жеке гигиена құралдарымен қамтылуын қадағалайды. Топтағы бала санының рұқсат етілген шегінен кем болмауын, жеке шкафтармен жабдықталуын, бейнемұрағаты кемінде 30 күн сақталатын бейнебақылау камерасымен, өрт қауіпсіздігі жүйесімен қамтамасыз етілуін тексеретін болады. Барлық мониторингтік жұмыс осы айдың соңында аяқталуы тиіс.

Мониторингтік топ жұмысын бақылау облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановқа тапсырылды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
12 қыркүйек 2024 ж. 482 0