Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада тұрғын үй қымбаттаған

Қызылордада тұрғын үй қымбаттаған

Kyzylorda-news.kz. Соңғы бір жылдағы мәліметтерді салыстырғанда Қызылордада тұрғын үй бағасы 7,1 пайызға қымбаттаған. Бұл мәліметті Ұлттық статистика бюросы жариялады. 

Жалпы Ұлттық статистика бюросының тұрғын үй нарығындағы бағалардың өзгеруі туралы өзекті мәліметтеріндегі есепке 2023 жылдың ақпанынан 2024 жылдың ақпанына дейінгі кезең кірген. Есепті кезеңде сатылатын жаңа тұрғын үй бағасы 3%-ға өссе, қайталама тұрғын үй бағасы 3,3%-ға төмендеген. 2024 жылдың ақпанында тұрғын үйді жалға алу өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 2,9%-ға өскені белгілі болды.

«Өңірлер бойынша жаңа тұрғын үй бағасы Ақтөбеде – 8,9%-ға, Қызылордада – 7,1%-ға өсті. Қайталама нарықта бағаның өсуі Талдықорған (9%) және Атырау (8,2%) қалаларында байқалды. Жалға берілетін тұрғын үй нарығында баға Жезқазған (23,3%), Қарағанды (23%) және Атырау (21%) қалаларында өсті», – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Айта кету керек, Қызылорда тұрғын үй салу бойынша да республикадағы аймақтар арасында алдыңғы қатарда тұр. Қолда бар мәліметті сөйлетсек, 2023 жылы аймақта 4 108 пәтерлі 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген екен. Осылайша 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапқан. 

Облыс басшыларының биылғы жоспары да жаман емес. Нақтырақ айтсақ, биыл бюджет қаражатының есебінен 14,3 млрд. теңгеге 1890 пәтерлі 70 тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр. Тарқатып айтар болсақ, Қызылорда қаласында – 1544, аудандарда   – 346 пәтер, мамандар оның 16-сы жеті қабатты тұрғын үйлер болады дейді.
 
14 наурыз 2024 ж. 172 0