Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасым-Жомарт Тоқаев: Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев: Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың басшылығы, өңірлердің әкімдері, ІІМ алқа мүшелері, орталық аппараттың басшылық құрамы және аумақтық полиция департаменттерінің жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы елімізде «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

Президент «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс»  деді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, құқық­­тық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән бергені жөн деп санайды.

«Қылмыстардың негізгі себебі көбіне қоғамға жат әрекеттерден туындайды. Сондықтан заңды бұзуға бейім азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Сондай-ақ олардың қоғамдық тәртіпке қайшы істеріне түрткі болатын алғышарттарды түгел жою қажет. Бірақ бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды. Мұндай жұмыстар жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізіліп жатыр. Нақты үйлестіру тетіктері жоқ. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті. Заң жобасында профилактикадан өтетін азаматтар тізімін толықтай қайта қараған жөн. Жауапты органдардың құзыреттерін, үйлестіру тетіктерін, жеке профилактика құралдарын нақтылау қажет», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұның, әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте маңызы зор екеніне сенімді. Оның айтуынша, бұл жерде алдын алу жұмыстарының маңызы жедел әрекет ету және әділ жазасын беру ісінен кем емес.

«Өздеріңізге мәлім, бұған дейін мұндай қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуді қолдайтынымды айтқан едім. Қылмыстық кодекске енгізілген тиісті түзетулер жақын арада қабылданады. Ішкі істер министрлігі өз қызметкерлерін жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайындауы керек. Құқық қолдану тәжірибесіндегі бұған дейін болған барлық мәселені ескеру қажет. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін айтты.

Алқа отырысы барысында Қасым-Жомарт Тоқаев орта буындағы басшылық құрамды биыл кезектен тыс аттестациядан өткізу туралы Ішкі істер министрінің ұсынысын қолдады.

Президент балалардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету мәселесіне айрықша назар аударды. Атап айтқанда, былтыр кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны 22 пайызға артқан. Мемлекет басшысының пікірінше, осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Полиция мектеп басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруға тиіс.

Бұдан бөлек, Президент есірткінің таралуы­на батыл түрде тосқауыл қоюды талап етті.

«Мен бірнеше рет осы мәселеге қатысты тапсырма бердім. Алайда ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ. Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшей­ту жөнінде тапсырма берілді.

– Ұрылар мен бандиттер түрмеде отыруы керек. Бұл – сіздердің криминалға қарсы әрекеттеріңіздің бірден-бір мақсаты. Қылмыстық топтармен ымырасыз күресу – сіздердің тікелей міндеттеріңіз әрі қызметтік борыштарыңыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл жайында Ақмола облысы адвокаттар Коллегиясының адвокаты Ләззат Ахатова әлеуметтік желіде өз пікірін білдірген болатын. Адвокаттың айтуынша қылмыскерлер әлеуметтік желі алаңын интернет-алаяқтық жасауға тиімді пайдаланып отыр.

 – Президенттің төрағалығымен ІІМ кезекті кеңейтілген алқа отырысында осы мәселеге қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының алдында тұрған ең өзекті міндеттердің бірі –киберқылмысқа қарсы іс-қимылды тұрақты жүргізу.

Бұл мәселеге мемлекет басшысының жеке тапсырма беруінің себебі сол интернет алаяқтық қоғамды ашықтан ашық тонайтын деңгейге жетті. «Аңқау елге арамза молда» болғандардың саны жылдан жылға артып келеді. ІІМ мәліметі бойынша, Қазақстанда соңғы жеті жылда интернет-алаяқтық саны 10 есеге, екі мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өсті. Тек былтыр интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірді.

Алдаудың ең көп тараған тәсілі – жоқ тауарларды немесе интернет-жарнамалық қызметтерді сату кезінде төлем немесе алдын-ала төлем алу. Дәл осындай 7 мың факт тіркелген. Ал банк қызметкерінің атынан қоңырау шалу бойынша 2 жарым мың факт орын алған.

Үшінші орында – онлайн-қарыздарды ресімдеу бойынша 2 мың факт тіркеліпті. Бұның бәрі бір рет қана қоңырау шалған беймәлім адамға барлық жеке мәліметті бере салудың салдары. «Банктен хабарласып тұрмын» десе, имандай сенетін адамдар соңында бармағын тістеп қалып жатыр. Әсіресе, «алаяққа сеніп пәтерсіз қалыпты», «баспанасын сатып, ақшасын алаяққа беріпті», «баспана алып беремін деп алдап кетіпті» деген кейстерді жиі естиміз.

Айласын асырып, қарапайым халықты құрығына түсіргендер тұрғын үй саласында көп кездеседі. Жалға алушылар мен тұрғын үйді сатып алушылардың көбі арзан бағаға алданып, мән-жайды толық анықтап алмай, опық жейді.

Алаяқтықтың бұл түрімен айналысатындармен күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын жаңалықтардан жиі естиміз. Мысалы, былтыр 3 мыңнан астам интернет-алаяқтық жасаған 828 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қыркүйек айында Өскеменде 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісін жасаған үш қала тұрғыны ұсталды. Олар адамдардан 80 млн теңге алып үлгерген.

Желтоқсан айында елордада полицейлер алаяқтықпен айналысатын төрт Call-орталықты анықтады.

Менеджерлер және брокерлермен онлайн-режимде қарым-қатынас орнатып отырған адамдар өмірінде кездесіп көрмеген алаяққа сұраған ақшасын тауып беретіндей жағдайға жетеді. Кейбір жағдайларда алаяқтар үлкен соманы тарту үшін бір реттік дивиденд төлейді. Сөйтіп, жұмыс істемейтін инвестициялық жобаларға ақша салады. Кейбір жағдайда өзі толық білмейтін ұйымға инвестиция саламын деп несие алады. Жеңіл ақша табамын деп бар жинақтарын жоғалтады. Бұның барлығы халықтың сана сезімі оңай, жеңіл келетін олжаға бейім екенін көрсетеді. «Арзанның жілігі татымайды» демекші, аз уақытта тез байып кетемін деп, қолыңыздағы барыңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін.

Интернет алаяқтарға қарсы тұру үшін Еуропа елдерінің билігі әртүрлі қылмыстық схемалар қолданады екен. Мысалы, халықты ақпараттандыру, сall-орталықтардың жұмысы және заңнамалық шаралар. Еуропаның барлық дерлік елінде телефон және кибералаяқтықпен айналысатын арнайы қызмет құралдары, сонымен қатар кейбір елдерде қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың веб-сайттарында алаяқтарды қалай тануға және оларға қарсы тұруға болатынын көрсететін қылмыс статистикасы мен мақалалар жарияланады. Пайдалы ақпарат банктер мен сақтандыру компанияларының сайттарында да бар.

Мемлекет басшысы қоғамда қылмыспен күрес және қоғамдық тәртіп сақтау аса маңызды екенін атап көрсету арқылы осындай туыстарымыз бен көршілеріміздің басында болып жатқан алаяққа алдану сияқты мәселелердің қордаланып қалғанына баса назар аудару керегін айтыпты.

Алдағы уақытта ІІМ Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде интернет алаяқтықпен күресті кешенді түрде жүргізуі қажет-ау. Себебі оларды құрықтағанымен басқалары шығады. Сол үшін жұртты ескерту, құлақтандыру, ақпараттық әрі қаржылық сауа­тын ашу деген жұмыстар да атқарылуы тиіс, – деп жазды Л.Ахатова.

Алқа отырысы барысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қылмысқа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, жасөспірім­дер арасын­дағы қылмысқа, интернет алаяқтыққа қарсы күрес және оның алдын алу шаралары мен жүргізіліп жатқан жұмыстар, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру мәселесі туралы есеп берді.

«Тт» ақпарат
Фото: Ақорда
27 қаңтар 2024 ж. 172 0