Жетім балаларға арналған жаңа тәлімгерлік институты енгізіледі – Асхат Аймағамбетов

«Жетім балалар үшін жаңа тәлімгерлік институтын енгізу бойынша норма ұсынылып отыр. Ол не үшін керек? Бұл институт 10 жастан асқан, балалар үйлерінде тәрбиеленетін жетім балаларды әлеуметтендіруге және өмір сүру жағдайларына бейімдеуге қосымша мүмкіндік береді. Тәлімгерлер волонтерлік тәртіпте, яғни ақысыз түрде балалар үйіндегі жеткіншектерді қамқорлығына алып, оларға қолдау көрсетуге, әлеуметтендіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады», – деді А. Аймағамбетов.
Айтуынша, тәлімгерге қатысты, оларды бақылауға, жауапкершілігі бойынша нақты әрі қатаң талаптар қарастырылды. Балалар үйі, білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым қатынастар шартпен реттеледі.
«Заң жобасында полицияда девиантты мінез құлық бойынша тіркеуде тұрған балаларды қолдау және оңалту бойынша арнайы норма ұсынылды. Басты мәселе осы санаттағы балалардың бос уақытын қамту. Осыған орай, енді осы оқушылар проактивті форматта, яғни ешқайда барып өтініш бермей-ақ, түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтылатын болады. Білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы нақты міндет бекітілді», – деді депутат.
Фото: primeminister.kz