Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Пісте шағу пайдалы ма, зиян ба?

Пісте шағу пайдалы ма, зиян ба?



✅ Пісте шақпайтын адам аз шығар, сірә. Бұл уақыт өткізудің бірден-бір жолы. Ал сол ермектің сізге қаншалықты пайдасы не зияны бары жайында білгіңіз келе ме? Ендеше, төменге көз тігіңіз.

Пісте шағудың зияны

✅ Күнді сүйіп өскен күнбағас пістесін зиян деуге де қимайсың. Көбі пісте шағуды мәдениетсіздіктің белгісі ретінде таниды. Кешірерсіз, бірақ кинотеатрда отырып поп-корн қытырлату мен сағыз шайнау мәдениетсіздікке жатпай ма сонда?

✅ Пісте туралы тағы бір «аңыз» бар. Ол – соқырішек ауруы. Бұл аурудың туындауына пісте шағу кінәлі деп түсініп, пісте шаққан балаларын «Соқырішек боласың» деп қорқытатын ата-аналарға мұның ол ауруға еш қатысы жоқ екендігін айтып, алтыннан құлақтарына сырға тақтық. Пістенің соқырішекке ешқандай да қатысы жоқ. Бұл – ойдан шығарылған пікір, жасанды қорқыныш. Оны біз де ойымыздан шығарып отырғанымыз жоқ, мұны растаған – білікті мамандар.

✅ Ал нақтырағына келгенде, пісте тіс кіреукесіне аса зиянды. Сіз пісте шағып отырғанда, тіс кіреускесінің сыртқа бедеріне пістенің қалай зиян келтіріп жатқанын аңғармауыңыз да мүмкін. Тіс кіреускесі бұзылған сайын ол жүйке талшықтарына және кариеске де кері әсерін тигізбек. Сонымен қатар пісте шағу әсерінен асқазанда қыжыл туындайды.

✅ Өзінің дене бітімінің қалыптылығын қатаң сақтайтын адамдар тіпті пістеге жоламауы қажет. Себебі пістеде калория өте көп. Бұл өнімнің 100 грамында 520 килокалория бары анықталған.

Пісте шағудың пайдасы мен құрамы

✅ Жоғарыдағыларды оқып алып, қолыңыздағы пістеден құтылу үшін қоқыс тастайтын шелекке қарай асықпай қоя тұрыңыз! Күнбағыстың азықтық талшығынан келген пістенің дәні ішектің қалыпты жұмыс жасауына көмегін тигізеді. Күнбағыс пістесінің дәндерінде кездесетін қою майлы қышқыл халестериннің төмендеуіне жәрдемші. Бүгіндері біз дәріханаларға жиі бас сұғып «тонналап» алып жүрген дәрумендердің осы пістенің құрамында барынан да хабарсызбыз. Қарапайым пістенің құрамында көздің көруін жақсартатын және теріні жас қалпында сақтайтын А дәруменінің, ми қабатының қалыпты жұмысына жауап беретін Е дәруменінің бар екенін де біліп жүргейсіз. Пісте дәнінде кездесетін В тобындағы дәрумендер қайызғақ пен ұшықтан сақтануға көмектеседі. Сонымен қатар ол ұйқысыздық пен күйзелістен де құтқарады. Ал D дәрумен сүйектеріңіздің құрамындағы кальцийді арттырып, оның беріктігіне жуап береді.

✅ Күнбағыс пістесінің дәні, сонымен қатар, ұмытшақтық ауруы мен жүрек қан тамырына байланысты дерттерге де ем.

✅ Пістенің құрамында 20 % ақуыз және таптырмайтын аминқышқылдар кездеседі. Құрамында магний, мырыш сынды микроэлементтер де бар. Магний жүрек қан тамырлары мен мидың қалыпты жұмыс атқаруын реттеп, ойлау дәрежесінің қызметін арттырады. Күнбағыс пістесінің 100 грамм дәнінде 311 мг магний кездеседі. Ал мырыш – сұлулықтық асқан «мүсіншісі». Ол шаш пен тырнақтың саулығын сақтап, иммунитетті артырады. Мұнымен қоса оның құрамында мыс пен селен де баршылық.

✅ Барлық пісте дәндері «психотерапевтық» әсерге ие. Шылым шегуді тастағалы жүрген адамға пістенің ауыз толтырып айтарлықтай пайдасы бар. Шылымды қажет етіп тұрған уақытында пісте шақса, шылымға деген ықыласы бәсеңдемек.

✅ Әрине, шешім өзіңізде: біріңіз зиян көріп, пістеден бас тартарсыз, ал біріңіз жоғарыдағылардан түйін шығарып ем ретінде де пайдаланарсыз.
07 мамыр 2018 ж. 2 401 0