Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент жаңа заңға қол қойды

Президент жаңа заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз сатып алынған активтерді қайтару» жөніндегі жаңа Заңға қол қойды. Бұл Қазақ­стан­ның қоғамдық қатынастардағы әлеу­мет­тік әділеттілікті қалыптастырудағы ма­ңыз­ды Актілердің бірі. Бүгін біз заңның басым ба­ғыттары жөнінде тарқата жазатын боламыз.

Біріншіден, заңсыз сатып алынған активтерді мемле­кет­ке қайтару туралы заң жоба­сының мақсаты мен мәні неде деген сұраққа жауап іздеп кө­рейік. Бірден ашып айту керек, бір жылдан бері Экономи­калық ресурстардың заңсыз шо­­ғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведом­с­т­­­во­­­­аралық комиссия жұмыс іс­теп келеді. Нәтижелер бар. Бірақ, одан әрі жұмыс істеу үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек деген түсінік қалыптасты. Осы Заң жобасы арқылы біз заңсыз сатып алынған активтерді қай­та­ру бойынша жаңа құрал­дар жинағын аламыз.

Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама заңсыз мүлікті қылмыс­тық процестік және әкімшілік процестік тәртіппен ғана қай­таруға мүмкіндік береді. Бұл ұзақ процесс, оның үстіне бар­лық уақытта нәтижелі бола бер­мейді. Сондықтан да заң жобасы халықаралық тәжірибеге, ак­­тивтерді азаматтық тәртіппен ерікті немесе мәжбүрлеп қай­таруға негізделген жаңа рәсім­дерді көздейді. Бұл туралы біз Мә­жіліс депутаты Ерлан Саи­ров­қа хабарласып, пікірін білдік.

– Активтерді қайтару істе­рі – күрделі жағдайлар. Олар аза­маттық және қылмыстық істерге жатады және әдетте олар­дың ескіру мерзімдері болады. Бас­қаша айтқанда, қолда­ныс­тағы заңнама активтердің тиім­ді қайтарылуын қамтамасыз ете алмайды. Заңсыз сатып алын­ған активтерді қайтарудың не­гіз­гі тетігі азаматтық тәркілеу болып табылады. Бұл барлық жал­пыға бірдей қабылданған ха­лықаралық стандарттарға (Сы­байлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл саласындағы кон­вен­­цияға, БҰҰ, ЭЫДҰ және Дүние­жүзілік Банктің ұсыным­дарына) және үздік шетелдік тәжірибеге сәйкес келеді, – дейді депутат.

Иә, заң жобасын әзірлеу кезінде Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Канада, Австралия және басқа елдердің қыл­мыстық іс жүргізуден тыс, яғни аза­маттық сот ісін жүргізу шеңберінде азаматтық тәркілеу арқылы мүлікті тәр­кілеу тетіктерін қолданатын тәжірибесі зерттелді. Азаматтық тәркілеудің мә­ні мынада екен. Мәселен, мүлікті тәр­кілеу үшін адам өзінің әкімшілік-билік өкілеттіктерін пайдаланып, актив­терді заңсыз сатып алғанын не қылмыстық әрекетке қатысы бар екенін дәлелдеу қажет. Осы ретте, 1986 жылы Еуро­палық Адам құқықтары жөніндегі комиссия «қылмыстық іс жүргізуден тыс тәркілеу кінәсіздік презумпциясы­на қайшы келмейді және негізгі мүлік­тік құ­қықтарды бұзбайды» деп жария­лаға­нын айтпай өту мүмкін емес. Сондықтан азаматтық тәркілеудің қылмыстық және әкімшілік тәркілеуден айырмашылығы, ол ескіру мерзімдерімен және қылмыс­тық жауапқа тартудың ескіру мерзім­дерімен шектелмейді.

Мәжіліс депутаты Ерлан Бияхмет­ұлының пікірінше, азаматтық тәркілеу олигополиялардың әсерінен қабылда­нуы мүмкін ескі тексерулердің, актілер мен шешімдердің нәтижелерін назарға алмауға мүмкіндік береді.

Енді заң қолданылатын адамдардың тізбесіне нақты кім кіретіні жөнінде жа­зайық. Жаңа заң бойынша бұл тізімге мына адамдар кіреді. Олар қазіргі уақытта жауапты мемлекеттік лауа­­зым­дарды атқарып отырған және бұ­рын атқарған адамдар. Оларға Конс­титуцияда көрсетілген барлық лауазымдар, Парламент депутаттары,­ Консти­туциялық Соттың судьялары, бұрын­ғы Конституциялық Кеңес­тің мү­шелері, судьялар, Адам құқықта­ры жөніндегі уәкіл, барлық саяси мемле­кеттік қызметшілер мен «А» корпусы­ның мемлекеттік қызметшілері жатады. Мұнан бөлек бұл тізімге «олигархтар» деп аталатын ірі кәсіпкерлер де енеді. Мұны қарапайым тілмен айт­қанда, әкімшілік-билік ресурстары мен таныстарының ықпалын пайдалану ар­қылы мүлік пен кіріс алғандар десек те болады. Сондай-ақквазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшылары мен басқарушылары да заң қолда­ны­латын адамдардың тізбесіне жатады. Мұнан бөлек Президент қол қойған осы Заң жоғарыда аталған субъектілермен аффилиирленген белгілі бір адамдар тобына да қолданылады. Бұл туыс­­­тарына, достарына, жақын қарама­ғындағыларға, яғни нақты емес, номиналды иелеріне ресімделген активтер мен заңсыз алынған мүлікті анықтауға мүмкіндік береді. Адал мемлекеттік қыз­метшілерге, кәсіпкерлерге және инвес­торларға қорқатын ештеңе жоқ. Заң ұрлыққа қатысы бар сыбайлас жемқор­лар мен олигархтарға қарсы жасалған.

Осы орайда заңсыз активтерді қай­тару жөніндегі уәкілетті органның құзіреті мен өкілеттілігі жөнінде айтпай өту мүмкін емес. Өйткені, активтерді қайтару жұмысы – бұл аса маңызды жұмыс. Мұнда әртүрлі салалардан, оның ішінде азаматтық, қылмыстық құқық пен процестен, халықаралық заңнамадан, шарттық құқықтан арнайы білім қажет. Сондықтан Бас прокуратура жанынан мамандандырылған ведомство – Активтерді қайтару коми­тетін құрудың маңызы зор. Оның Ведомствоаралық комиссиядан айыр­машылығы – расталған заңнамалық мәртебесі және біліктілігі жоғары мамандардан тұратын штаты, оның ішін­де жеке сектордан – аудиторлар, қаржы аналитиктері, бағалаушылар, бух­гал­терлер, наразылық беретін заңгер­лер, прокурорлар болады. Бола­шақ уәкілетті органның нақты құзыре­тіне келетін болсақ, оған ақпаратты жинау, талдау және мониторинг жүр­гізу, ведомствоаралық өзара іс-қимыл және активтерді қайтару жөнін­дегі жұмысты үйлестіру, заңсыз актив­терді іздеу және мемлекетке қайтару сала­сындағы халықаралық-құқықтық ынты­мақтастық пен мемлекет атынан сот талқылауларына бастама жасау кіреді. Ал комитеттің ең негізгі мін­деті – активтерінің «табиғи» және заңды түрде пайда болуына ақылға қонымды күмән тудыратын субъектілерді мұ­қият анықтау. Бұдан әрі осы ақ­па­рат Активтерді қайтару жөнін­дегі комис­сияға бұл адамдарды арна­йы тізілімге енгізу немесе енгізбеу туралы ұсынысты қарап, тұжырымдау үшін бе­рілетін болады.

Тізілімге енгізілген адамдар актив­терді иемдену көздерінің заңдылығын растайтын декларациялар тапсыруға тиіс. Тізілімге енгізу активтерді қайтару рәсімінің алдын ала кезеңі болып табылады. Осы кезеңде адам өз активтерінің пайда болуының заңдылығын дәлел­деуге құқылы. Мұндай жағдайда адам тізілімнен шығарылады.

Ұсынылған құжаттарды қарау негі­зінде Комиссия алқалы түрде ше­шім қабылдайды. Одан әрі шаралар қабылдауды, оның ішінде қамтамасыз ету шараларын қабылдауды, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім жасауды немесе адамды Тізілімнен шығаруды ұсыну жөнінде шешім нақ­тыланады. Декларант активтердің пайда болуын растамаған жағдайда, бұл активтер түсініксіз байлық деп танылады және заңнамалық тәртіппен тәркіленуге жатады. Әрі қарай, рәсімге сәйкес Комитет негізсіз байлықты мемлекет кі­рісіне айналдыру үшін сотқа жүгінеді. Сот Комитеттің құқығын мойындаған жағдайда бұл мүлік Арнаулы мемлекеттік қорға берілетін болады. Яғни, бәрі заң аясында әділетті түрде жүргізіледі. Заң бойынша ақша қазынашылықтағы ар­найы шотқа түседі деп көзделіп отыр, ал мүлікті (ғимараттар, акция­­лар, кәсіпорындар және т. б.) осы мақ­саттар үшін Қаржы министрлігі жанынан арнайы құрылатын басқарушы компания басқарады. Басқарушы компания Арнайы мемлекеттік қорды толықтырып отыру үшін қайтарылған активтерді өткізу функцияларын жүзеге асырады. Оның негізгі және жалғыз құрылтайшысы Үкімет болады.

Заңсыз алынған активтерді қайтару процесінің ашықтығын қамтамасыз ету де заңда қарастырылған. Жұмыстардың ашық болуын қамтамасыз ету мақса­тында тұрақты негізде жұмыс істейтін комиссия құрылады. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, депутаттар, Үкі­мет мүшелері кіреді. Бұл комиссияға Премьер-Министр басшылық етеді. Комиссия активтерді қайтару жөніндегі мәселелерді алқалы түрде қарайтын болады. Бұл жүргізіліп жатқан жұмыстың жаңа заман талабына сай ашықтығы мен қоғамдық бақылауда болуын қам­тамасыз етеді. Соның аясында қандай да бір уағдаластықтарға немесе құқық бұзушылықтарға жол берілмейді. Се­бебі, комиссияның құрамына кіретін қаты­сушылар көп болғандықтан, қан­дай да бір мүддені жақтау немесе қандай да бір ақпаратты жасырып қалу мүмкін емес. Бұл азаматтық қоғамды дамытудың да алғышарттарының бірі деуге болады.

Комиссияның негізгі функциясына келер болсақ, комиссия мүшелері заңсыз алынған активтерді қайтару бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысады. Бұл ұсыныстарды уәкілетті орган қарауға міндетті болып табылады. Егер нақты бір адамның активтерінің заңдылығына күмән туындаса, Комиссияның ұсынысы бойынша уәкілетті орган мұндай адамды тізілімге енгізуі де мүмкін. Тізілімде субъектілер және олардың үлестес адам­дары туралы мәліметтер де болады. Сонымен қатар азаматтық тәркілеу жөніндегі барлық негізгі шешімдер комиссия арқылы өтеді.

Тағы бір ерекше айтып өтетін жайт, активтерді тәркілеу тек сот шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады. Адамдар азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде шешімдерге шағымдана алады. Осылайша, активтерді қайтаруға қойылатын халықаралық стандарттардың талаптары қарапайым: бәрі заңға негізделуі тиіс, тиісті процесс болуы керек, сот тарапынан бақылау болуға тиіс және қоғам үшін ашық болуға тиіс.


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
15 шілде 2023 ж. 211 0