Қызылордада 36,4 млрд теңгеге жаңа аурухана салынады
Қызылордада әмбебап медициналық нысан – онкология бөлімшесі және бір ауысымда 100 адамды қабылдай алатын емханасы бар облыстық көпбейінді аурухана салынады. Бұл қазіргі уақытта облыс тарихындағы ең қымбат әлеуметтік нысан болмақ.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, "Қызылорда қаласында онкологиялық бөлімшесі және 100 келушіге арналған емханасы бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы" жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттар мен мемлекеттік сараптама қорытындысы өткен жылдың наурыз айында дайын болған.
Жобаның құны – 36,4 миллиард теңге, оған 9,2 гектар жер учаскесі бөлінген. Мұндай нысанның өңірге аса қажеттігін және оның бүкіл Арал өңірі үшін маңыздылығын ескере отырып, 2023 жылға республикалық бюджеттен 750 миллион теңге бөлінді және бұл құрылыс жұмыстарын тез арада бастауға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Қызылорда облысының әкімдігі.
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов баспасөзге берген сұхбатында өңірде халықтың өмірін жайлы ететін, азаматтардың әл-ауқатын арттыратын әлеуметтік нысандардың қарқынды салынып жатқанын атап өтті.
"2022 жылдың 11 айында облыста 106,4 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары орындалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 121,1 процентті құрайды. Қызылорда облысында 115 нысан салынды, оның басым бөлігі әлеуметтік мақсаттағы нысандар, яғни, мектептер, ауруханалар, клубтар, спорт кешендері. Сонымен қатар облыста 32 тұрғын үй салынып жатыр, инфрақұрылымдық құрылыс бойынша 38 жоба жүзеге асырылды", – деді әкім орынбасары.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласында 2022 жылы Қызылорда облысында жалпы құны 5,2 миллиард теңгеге 16 нысан салынған.
"Алдағы жылдарға арналған жоспарда облыста 12 дәрігерлік амбулатория, Арал ауданының Сексеуіл ауылында 40 орындық аурухана құрылысы және Арал ауданының орталығында туберкулезге қарсы аурухананы жаңғырту, Қызылорданың өзінде онкологиялық аурухана мен қан орталығының құрылысы бар", – деп мәлімдеді облыс әкімінің орынбасары.