Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакцинаны сақтау ережесі қандай?

Вакцинаны сақтау ережесі қандай?

Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова вакциналарды тасымалдау және сақтау ережелерін баяндады, – деп хабарлайды Еgemen.kz.

Оның айтуынша, басқарма қоймасында бір уақытта 200 мыңға жуық вакцина дозасын сақтауға болатын төрт мұздатқыш қондырғы бар.

«Вакцинаның өзі СҚ-Фармация хабынан авторефрижераторларда минус 18-20 градуста жеткізіледі. Жеткізудің барлық кезеңдерінде суық температура сақталады. Әрі қарай, осы вакциналарды барлық стандарттарға сәйкес қоймаға қабылдаймыз. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына вакцина термоконтейнерлерде жеткізіледі, оларда термотіркегіштер немесе термоиндикаторлар болады. Солар арқылы тасымалдаудың барлық кезеңдерінде температуралық режимнің сақталуын тексереміз», деп түсіндірді спикер Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен онлайн брифирнгіде. Әрбір медициналық ұйымда вакцинаның сақталуы мен тасымалдануына жауап беретін, арнайы оқытудан өткен медицина қызметкері бекітілген. «Олар тәулігіне екі рет – таңертең және кешке тоңазытқыш жабдығының температурасын тексереді және мұның барлығы температураны есепке алу журналына жазылады. Егер термодатчиктер тасымалдау шарттары бұзылғанын анықтаса, нақты шаралар қабылданатын болады», дейді Ә. Рүстемова.

Айта кетейік, елордамызда вакцинациялаудың үшінші аптасы аяқталды. Вакциналау емханалар, инфекциялық стационарлар, жедел медициналық жәрдем, алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдары, көпбейінді стационарлардың қабылдау бөлімдерінің медицина қызметкерлеріне өткізілуде. Тиісті контингент ішінде 6 300 адамның 1 980-і вакцина алды. Олардың арасында асқыну анықталған жоқ. Сонымен бірге, Әлия Рүстемова «Шет елде Pfizer немесе Moderna вакциналары салынса, Қазақстанда қабылдана ма?» деген сұраққа жауап берді.

19 ақпан 2021 ж. 848 0