Кебенек
Көбіміз білеміз қазақта «Кебенек киген келеді, кебін киген келмейді» дейтін тәмсіл бар. Сол сияқты ауызекі тілде «Ерді кебенек ішінде таны» деп те жатады. Сөйте тұра кебенектің не екенін көбіміз біле бермейміз.
Сонымен кебенек дегеніміз не? Соған тоқталар болсақ, 1998 жылы жарық көрген «Қазақстан» Ұлттық энциклопедияның (Бас редактор Ә.Нысанбаев) IV томында: «Кебенек – сырт киім. Ертеректе жауынгерлер, малшылар жауын-шашын, бораннан қорғану үшін киген. Жұқа киізден тігіледі, шапан тәрізді болып келеді. Кебенекке арналған киізді бір бет етіп жұқалап басады. Оны асқан ұқыптылықпен шаршылап, қылшығын сыртына шығара басқан жұқа киізден ақ, қара немесе қоңыр түсті етіп, атқа отыруға ыңғайлы болу үшін артына жарма қалдырып, шалбарымен қоса пішеді. Кебенек кең және ұзын болады. Шапанға ұқсас болғанымен, тік немесе күләпара іспетті жағасы бар кебенекті жылқышылар үскірік аяз бен желден, жаңбыр мен қардан сақтану үшін киген» делінген.
Бір қызығы моңғол тілінде бұл бұйымды «хэвнэг» дейді екен. Моңғол тілі түсіндірме сөздігінде: «Хэвнэг – жауын-шашынды күндері киетін су өтпейтін киім, оны нығыз жүннен жасайды» десе, тағы бір анықтамалықта: «хэвнэг (кебенек) – ауа райы қолайсыз күндері далада киетін киім. Оны қозының тірі жүнінен жасайды. Алды ашық қаусырмалы, жағалы, жеңі ұзын, жапсырма белбеулі болады. Бұл киімді жорықта жауынгерлер жамылып жата беретін болған», депті («Моңғол халық этнографиясы». Ұланбатыр, 1987 ж.151-152-бб).
Сондай-ақ бұл киім тек қазаққа ғана емес, түркі-моңғол тұқымдас көшпенділердің барлығына ортақ мұра тәрізді. Өткен жылдары Моңғолия Ұлттық музейі германиялық әріптестерімен бірлесіп, «Дала жауынгерлерінің мұрасы» атты көрме ұйымдастырыпты. Осындағы экспозицияға қойылған 160-тан астам жәдігер арасында Х ғасырда өмір сүрген далалық мемлекет Кидан патшалығы заманына тән кебенек киім тұрғанын көрдік (суретте).
Бұл жәдігер оншақты жыл бұрын Моңғолияның Баян-қонғыр аймағы Баян-шаған сұмынының жері атақты Алтай тауының Ғобы шөліне сұғына кірген аумағында орналасқан Дұғый Шақар жотасына қойылған көне жерлеу қорымынан табылған екен.