Азаттықтың алғашқы жылындағы ақ тілек
Хасан Оралтай «Азаттық» радиосының қазақ бөлімін басқарып, 28 жыл КСРО құрамында болған еліміздің тарихына байланысты шындыққа негізделген хабарларды беріп тұрды. 1976 жылғы Желтоқсан оқиғасын бүкіл әлемге жариялап, қазақ жастарының ерлігін паш етіп, ұлтымыздың Тәуелсіздікке ұмтылған қадамдарын жіті бақылап отырды. 1952 жылдан бастап Германияның Мюнхен қаласынан 21 тілде бұрмаланбаған хабарлар беріп тұрған «Азат Еуропа», «Азаттық радиосы» 1995 жылы Мюнхеннен Прагаға көшірілді. 01.06.1995 жылы «Азаттық» радиосының Алматыдағы тілшісі Саясат Бейісбай қазіргі арамызда жоқ арыстарымыз Ш.Мұртазаның, Қ.Мұхамеджановтың, Ә.Кекілбайдың, Р.Бердібайдың, Қ.Жұмаділдің «Азаттық» радиосының қызметкерлеріне тілек білдірген лебіздерін өз дауыстарымен Прагаға жіберді. Бұл сұхбаттар 1995 жылғы маусымның 4-5 күндері әлем назарына ұсынылды. Мен Қазақстанның Халық Жазушысы, қазақ драматургиясын әлемдік сахнаға шығарған Қалтай (Қалиолла) Мұхамеджановтың Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары айтқан халықты ауызбіршілікке, түсіністікке шақырған тілек сөздері, қазірде өз маңызын жоймай, жерлестерін де бей жай қалдырмас деген оймен газетке ұсынып отырмын. Тілек мәтіні Х.Оралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» атты кітабынан алынды.
Қалтай Мұхаммеджанов:
– Мен ең алдымен «Азаттық» радиосының жаңа мекенге көшкенімен құттықтаймын. Бұл ауылға жақындай бастады – сөз болуы керек бір жағынан. Өйткені, Прага, Чехословакия деген Шығыс Еуропадағы ең бір үлкен мәдени орталық. Үлкен, белгілі қала, өнердің де, әдебиеттің де үлкен ұлы адамдары мекен еткен. Сол жерде, біздің мына Россия жағынан да көп адамдар, жазушылар, оқымыстылар болған жер.
Ал енді «Азаттық» радиосын мен көп жылдан бері тыңдап келе жатқан адаммын. Бұл енді өте көп, қыруар еңбек жасады. Осының басында отырған Хасан Оралтай деген біздің халықтың ең ардақты, ең сыйлы азаматының бірі. Оның еткен еңбегі де ұшан-теңіз. Оны халық жақсы біледі. Ол әуелі сол радио хабарының сол жердегі басқарушысы ғана емес, сонымен қатар көп шығармалар жазып, біздің елімізге, халқымызға мәшһүр болған аяулы азамат. Ал енді сол Хасан Оралтаймен көп жылдар бойы қызметтес болған Мұһабай Енгін, Талғат Көкбұлақ, Нұркамал сияқты қарындастарымыздың, інілеріміздің еткен еңбегі де ұшан-теңіз. Біз – солардың әр заман дауысын естігенде қуанып, әр уақытта тілеуқор болып отырған адамдармыз. Ал енді мынау жаңа жерге көшкенде, жаңа азаматтар барып қызмет істеп жатыр екен… Оның бәрі – біздің әдебиеттің, өнердің, біздің республиканың айтулы азаматтары. Енді бұларға тілек: Олар сол Хасан Оралтай салған жолды әрі қарай дамытып, байыта түсуі керек. Байыта түскенде, не айту керек? Қазір, менің ойымша, азат, азаттық алған егеменді Қазақстанға енді айтатын сөзді де, уағызы да, бүкіл халыққа ортақ шамалы түрін өзгерту, имиджін өзгертуі керек. Өйткені, әрине, советтік дәуірдегі хабарлар өз алдына, оның да парызды рөлі күшті болды. Оны жақсы білеміз. Ал қазіргі жағдайда, көбіне мына ынтымақ-бірлікке шақыратын хабарлар молырақ болуы керек. Біздер сынау дейтінді, өзімізді, бір-бірімізді аямай сынап жүрміз ғой. Одан гөрі бұдан былай, біздің жігіттер, «Азаттық» радиосы, біздің мынау жетістігіміз болса, соны молырақ берсе деймін мысал үшін. Сосын халық бірлігі – бізге ең қымбатты нәрсе. Экономикалық қиындықтар бір жыл болар, бес жыл болар, бірақ одан өтуге болады. Бірақ бірлік болмаған жерде береке болмайды. Бұл тұрғыда біздің Президентіміздің істеп жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Өйткені, өздеріңіз жақсы білесіздер, біз сияқты басқа елдерде қазір әртүрлі қиын жағдай болып жатыр. Әсіресе, мына Кавказ елдерінде, мына жағымызда өзімізбен іргелес отырған тәжікте. Ал енді Құдайға шүкір, бұл жағынан тынышпыз. Құдай тағы баянды етсін дейміз. Біздің Президентіміздің үлкен саясатының, біздің халқымыздың қазіргі жетістігінің ең қымбаттысы, біздің баршамыздың мұрат тұтатынымыз – халықтың ынтымағы мен бірлігі. Ал басқа қиыншылықтар белгілі ғой. Егемендік алған қай мемлекет, қай ел болсын, азаттық алған күннің ертеңі айдарынан жел есіп кеткен жоқ. Әсіресе, кейінгі жарты ғасырдың ішінде Африкада қанша елдер азаттық алды. Солар он жыл, бес жыл, кейбіреуі осы күнге дейін қиындық көрумен келе жатыр. Экономикалық жағынан айтып отырмын. Алла қаласа, бізде халықтың бірлігі болса еңбектің берекесі болады. Біз де ертең ел қатарына қосыламыз. Алла Тағала, осы егемендігімізді, осы азаттығымызды баянды етсін. Соның тілеуқоры, соның жаршысы «Азаттық» радиосы болады деп ойлаймын.
Дайындаған Қазыбай Құдайбергенов