Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәшкүл дегеннің не екенін білесіз бе?

Кәшкүл дегеннің не екенін білесіз бе?

Музей қорында сақтаулы қызық формадағы көне жәдігердің не екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл жәдігер «кәшкүл» деп аталады. Оны дәруіштер пайдаланған. Бұл ыдыс пітір-садақаға арналған. Кәшкүл – дәруіштердің халықтың пітір-садақа ретінде берген ас-дәмін салатын, сақтайтын және өзімен бірге алып жүретін ыдысы деп жазды Syrboyi.kz.

«Кәшкүл» – парсы сөзі. Бірінші буыны «кашидан» етістігінің «каш» түбірінен шыққан, «алып жүру» деген мағынаны береді. Ал «күл» иық дегенді біл­діреді, яғни, иыққа ілі­нетін сөмке немесе жол­сөмке деген мағынаға саяды.

Ал, қазақ арасында атқаратын қызметіне қарай бұл «пітір-садақа жинайтын ыдыс» деген атпен белгілі. Оның иесі – дәруіш кім болған? Дәруіш – бұл дүниеден баз кешкен, дін жолын таңдап, сопылық бағытты ұстанған, рухани толысу жолындағы адам. Ел аралап жүрген дәруіштен халық жат елдің тұрмыс-тіршілігін, өмір салтынан мәлімет беретін ертегі, аңыз-әңгімелер тың­даған. Қызық әңгімеге қанық бол­ған соң дәруішке пітір-са­дақа ретінде ас-дәм берген. Әркез ұзақ сапарда жүретін дәруіш оны кәшкүлде сақ­тап, жол бойы қорек етіп, жүрек жалғайтын көрінеді.Сол себепті кәшкүлді сөмке сияқты алып жүру сопы­­лардың арасында кең тараған. Осы уақытқа дейін Иранның базарлары мен жолдарында кәш­күл ұста­ған елкезбе дәруіш­терді кездестіруге болады. Бұл ыдыс дәруіштердің симво­ликалық бұйымына айналды, өмірден баз кешіп, рухани жолға түскендердің бойтұмары десек, қателес­пейміз.

Дәруіштердің зікір сал­ған уақытында ортаға кәш­күлді қоятын дәстүрі бар. Ол оң энергияны жинап, бәле-жаладан сақтайды деп сенген. Сопылық бағыттың бой­тұмарына айналған бұ­йым бірінен екін­шісіне үлкен құрметпен бері­ліп отырған.

Формасы қызық. Әлем­дегі ең үлкен жаңғақ – теңіз кокосының жарты пішіні формасында жасалған. Кокос алғашында Үнді мұхи­тының жағалауында, бір-біріне жақын бес аралда өскен. Үнді мұхитына пісіп түскен кокос жаңғақтары батыстан шығысқа бағытталған ағыспен тікелей Оңтүстік Азияға жететін. Шыққан жері белгісіз, қосжарнақты формасы қызық өсімдік Азия халқы үшін құнды олжа саналатын. Кокос қабығының емдік қасиеті бар деп сенген. «Кокостың жарты бөлігіне су құйып ішсе, удың бойға тарамауына көмектеседі, күшін жояды» деген наным бар. Өсімдіктің өзі осылай қасиетті саналып, кейін кәшкүлдің формасына негіз болған.

Оңтүстік Азиядан келген діни-ғұрыптық бұйым қазақ жерінде де қолданылғанға ұқсайды. Халқымыз шари­ғат­та уәжіп етілген парыздарды да аяқасты қалдырмаған. Оған музей қорында сақ­таулы кәшкүлдер дәлел.Тарихы тереңде жатқан кәшкүлдерді қазақ жерінде Рамазан айында берілетін пітір-садақаны жинайтын ыдыс ретінде пайдаланған. Ислам дінінде пітір-садақа құны 1 адамға 2 қадақ бидай не арпа, 4 қадақ құрма не мейіз болған. Осы дүниелерді немесе оның ақшалай құнын жинайтын ыдыс ретінде пайдаланған.Бұл бұйым музей қорына «Қазмузей реставрация­дан» музей қыз­меткері Людмила Либрехтан 1982 жылы алынған. Тағы бір түрі – сыртқы пішіні бидай масағы формасында жасалған екі бөліктен тұрады. Өте сирек кездеседі. Қорға музей қызметкері Төремұрат Әлжаннан 2002 жылы алынды. Емен аға­шынан жасалған. Екі жаны тесіліп, арнайы бекіткішпен бекітілген. Екі ағаштың түйі­се­тін бөлігінде топса ретінде былғары пайдаланылған. Екі бекіткіш арасы адырас­пан қауызынан жасалған мон­шақтармен тізбектелген. Зер салсақ, тәспінің сим­во­ли­­калық кө­рінісін береді. Іші қуыс. Шебер ішкі бөлігін ой­ып жасаған.

Бұл бұйым қызметінің екінші нұсқасы бар. Зерттеу жұмыстары тарихи жә­дігердің таразы қызметін ат­қаруы мүмкін деген де­ректі жоққа шығармайды. Жо­ғарыда атап өткендей, пітір-садақаның құны 1 адамға 2 қадақ бидай не арпа, 4 қа­дақ құрма не мейіз десек, сол абзал етілген дүниелерді өлшейтін құрал ретінде пайдаланылуы мүм­кін.

Өткен тарихтан сыр шер­тетін жәдігерді музейге келу­­шілер таң­даныспен тамашалайды. Қызықты экспонаттармен танысқыңыз келсе, музейге келіңіз!
31 қаңтар 2021 ж. 641 0