Парижге бір лицензия қосылды
Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде нысана көздеу мен стенд атудан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бұл жарыста 100 мемлекеттен келген 1500 спортшы бақ сынады, – деп хабарлайды egemen.kz.
10 метрден пневматикалық мылтықпен нысана көздеуде Ислам Сәтбаев сәтті өнер көрсетті. Ол 632,7 ұпай жинап, Қазақстан рекордын жаңартқанымен, жарыс қорытындысы бойынша төртінші орынға табан тіреді. Десек те осы көрсеткіштің өзі Олимпия ойындарының лицензиясына иелік ету үшін жеткілікті болды. «Менің осы жарыстағы басты мақсатым Париж Олимпиадасына жолдама алу еді. Сол жоспарым ойдағыдай жүзеге асты. Сонымен қатар әлемдік додада жеңіс тұғырына көтерілуді көздедім. Өкінішке қарай, жүлделі орынды иеленуіме санаулы ғана ұпай жетпей қалды. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтырып, байрақты бәсекелерде өз жанкүйерлерімді қуанту үшін барымды саламын», дейді Ислам.