Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бокстан әйелдер құрамы әлем чемпионатына дайын

Бокстан әйелдер құрамы әлем чемпионатына дайын

Бокстан Қазақстан əйелдер құрамасы Делиде өтетін XIII Əлем чемпионатына оқу-жаттығу жиынын аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Спортты Дамыту дирекциясының мәліметінше, шешуші дайындық жұмысы Үндістан астанасында 6-14 наурыз аралығында өтті. Біздің спортшылармен бір залда жарыс қожайындары, Франция мен Оңтүстік Корея боксшылары болды.

Бас бапкер Шəміл Сафиуллин бастаған біздің делегацияда барлығы 21 адам бар, 12 боксшы, жаттықтырушылар мен кешенді-ғылыми топ қосыны.

Біздің құрама жақсы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Біз бастапқыда мұнда ерте келіп, ауа райына, тамағына бейімделгіміз келген. Мен үшін бұл екінші әлем чемпионаты.  Мұнда барынша жүлделі орындарға ие болуға тырысамыз. Біздің спортшыларымыздың көбі әлем рейтингінде ондықта екенін атап өткім келеді. Атап айтар болсам, Алуа Балқыбекова өз салмағында көш бастап тұр. Ал Жайна Шекербекова мен Карина Ибрагимова екінші орында. Негізгі қарсыластар – Үндістан, Қытай, Ресей және Өзбекстан боксшылары. Әйелдер боксында біз бұрын естімеген көптеген ел бар. Қазір бұл спорт, әсіресе, Африка құрлығында қарқынды дамып келеді, - деді Шəміл Сафиуллин.

Бірқатар ел жариялаған бойкотқа қарамастан, Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) алдағы бокстан әлем чемпионатына Халықаралық Олимпиада комитетінің мониторинг тобы келгенін хабарлады. IBA сарапшылардың алдағы додаға арнайы қатысуы ұйымның (IBA) басқару реформасы мен қызметін бағалауға арналған мониторинг талаптарының бір бөлігі екенін атап өтті.

Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын осымен 3-рет өткізеді. Алдағы күндері 60 елден келген 300-ден астам таңдаулы спортшы жүлдеге таласпақ. Чемпиондар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс медаль иегерлері 50 мың, қола 25 мың АҚШ долларын алады. Бəсекені бастан-аяқ Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
15 наурыз 2023 ж. 279 0