Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елді ұйыстырған игілікті іс

Елді ұйыстырған игілікті іс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, экобелсенділермен бірге елорданың «Самал» саябағында ағаш отырғызды. Мұндай экологиялық акция Қызылорда облысының орталығы – Сыр шаһары мен барлық ауданда жүзеге асты.

Экологиялық акцияда Прези­дентке жауапты мемлекеттік ор­ган басшылары атқарылған жұ­мыс жайында баяндаса, Эко­­логия және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан ­Нысанбаев «Таза Қазақстан» акциясы бас­тал­ған екі жыл ішінде 1,5 мың эко­логиялық іс-шара ұйым­дас­тырылғанын жеткізді. Осы уақыт ара­лығында 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық тал егілген. Жыл сайын бұл бастамаға 6,5 миллион адам, соның ішінде 780 мың волонтер қатысатынын айта кетейік.

Акция барысында ел Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, екі жыл бұрын тағы­лымы мол, мән-мазмұны айрықша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық ак­­циясы бас­талғанын айтты.

– «Халқымыз ежелден «таза­лық» ұғымына ерекше мән берген. Жұртымыз «таза» сөзін кең мағынада қолданады. Мысалы, арлы, ниеті түзу, адал адам туралы айтқан кезде «ары таза, ойы таза, жүрегі таза» адам деп сипаттаған. Бабаларымыз әр­дайым табиғатпен етене байланыста өмір сүрген, қоршаған ортаны қорғау қастерлі міндет деп санаған. «Обал болады» деп, жас ұрпақты табиғатқа еш­қандай зиян келтірмеуге үй­рет­кен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп, Жер-Анаға жанашыр жүрек­пен қарауға тәрбиелеген. Міне, бүгін де тазалық ұғымы ұлты­мыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжы­рым­дамасы – соның ай­қын көрінісі. Тазалық – өрке­ниетті қоғамның айнасы, да­му­ға ұмтылған кез келген ел­дің мызғымас ұстанымы. Ақ пейіл­мен, түзу ниетпен қолға алған әрбір іс берекелі болады. «Таза Қазақстан» – дәл осын­дай бірегей бастама. Бұл жоба миллиондаған отаншыл аза­ма­­ты­мыздың адал еңбегінің ар­қа­­­­сында жалпыхалықтық қоз­­­­­­­ға­­лысқа айналды. «Таза Қа­зақстанның» не­гізгі қозғаушы күші және арқауы жас­тар десек, артық болмайды. Ұл-қыз­дарымыз ортақ іске белсене ат­салысып, жауапкершіліктің тамаша үлгісін көрсетіп жүр. Бүгінгі маңызды іс-шараға жасампаз әрі жаңашыл жас­тар қатысып отыр. Еліміздің жарқын болашағы – сіз­дер сияқты рухы мықты, отаншыл, ерік-жігері күшті аза­маттардың қолында. Түптеп келгенде, біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Барымыз да, басты байлығымыз да – қас­терлі Отанымыз Қазақстан. Сон­­­­дық­тан қасиетті жеріміздің, киелі еліміздің Озық, Қауіпсіз, Күшті әрі Таза болғаны тек біз­ге ғана керек. Осыны дұрыс түсін­ген абзал. Бұл жобаның түпкі мәні – табиғатты аялау, тазалық пен тәртіпті дәріптеу, саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы ұлт қалып­тастыру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Өз кезегінде Мемлекет басшысы «Таза Қазақ­стан» акциясына белсене қатысып, Отан алдын­дағы адалдығын нақты ісі­мен көрсеткен бір топ азаматты марапаттады.

Сыр өңірінде өткізілген «Таза Қазақ­стан» респуб­ликалық экологиялық ак­ция­сы ауқымды түрде жүзеге асты. Қы­зы­лорда қаласында жаңадан са­лынған Президент саябағындағы іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма, департамент, инспекция басшылары мен қызметкерлері, еріктілер, экобелсенділер, жастар ұйым­дары және студенттер қатысты.

Акцияға аймақтың аудандарынан, елді мекен­дерінен 25 000-нан астам адам атсалысып, 12 мыңнан астам тал егілді, 325,7 гектар аула тазартылып, 320 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 250-ден астам техника жұмылдырылды. Өңірде «Таза Қазақстан» фреспубликалық экологиялық акциясы аясында тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Кәсіп­керлердің демеушілігімен орталық алаң­дар, демалыс орындары, ойын, спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізілуде. Ауылдарда қолайлы орта қалыптастыру, тұрғындарды тазалық шараларына ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіледі. Соңғы үш жылда 2 млрд 64 млн теңге бөлініп, үздік елді мекендерге 67 арнайы техника табысталды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару, оларды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату бағытында «Жасыл даму» АҚ қаржыландыруымен 98 млрд 700 млн теңгеге 9 жоба қолға алынған. Жаңақорған ауданындағы қатты қалдықтарды сұрыптау кешені толық қаржыландырылып, құрал-жабдықтары жеткізілді. Қазіргі таңда іске қосылуда. Қалған 8 жоба «Өнеркәсіпті дамыту қоры» сараптамасынан өткізіліп, қаржыландыру үшін тиісті келісімшарттар жасалуда.

Экологиялық акция Сырдария ауданында бір уақытта өткізілді. Оған аудан басшысы Берік Сәр­менбаев, зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғын­дары қатысты. Атал­ған іс-шарада аудан тұрғындары Тереңөзек кентіндегі «Жастар аллеясында» тал екті.

Акцияға қатысушылар белгіленген аумақта бірлесіп тал көшеттерін отыр­ғызып, көгалдандыру жұмыстарын жүр­гізді. Жалпы саны 1000 түп көшет егіл­ді. Бұл бастама ауданның көркейіп, эколо­гиялық мәдениеттің қалыптасуына және тұрғындар үшін таза әрі қолайлы орта қалыптастыруға өз үлесін қосады.

Жалпы алғанда, облыстық бюджет­тен 475 млн теңгеге Сырдария ауданын­да сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны ашылды. Тағы екі жаңа жоба жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді, салалық министрлікке қаржыландыру үшін ұсынылды. Қалдық­тарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру мақсатында облыс көлемінде 10 мыңға жуық контейнер орнатылды. Көпқабатты тұрғын үйлер, ірі сауда орындары, әуежай мен теміржол вокзалы аумақтарында шыны, пластик және қағаз қалдықтарын сұрыптап жинау үшін арнайы экобокс­тар қарастырылған.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
28 сәуір 2026 ж. 49 0