Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасымен кездесті

Президент Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Боаоға жұмыс сапары аясында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әңгімелесу барысында Президент жиынға шақырғаны және шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қытай Халық Республикасының басшылығы мен Боао Азия форумының Хатшылығына алғыс айтты.

«Боао форумына қатысқаныма қуаныштымын. Бұл өте маңызды әрі қолдауға лайықты шара деп санаймын. Сондықтан мен арнайы келіп, форумда сөз сөйлеуге шешім қабылдадым. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Төраға Си Цзиньпинге жылы лебізімді жолдағым келеді. Оның шілде айының басында Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарын асыға күтеміз. Төраға Си Цзиньпиннің дана басшылығымен қолға алынған маңызды бастамалардың бәрі толықтай жүзеге асатынына сенімдіміз. Си Цзиньпин мырзаның елдеріміз арасындағы тату көршілік, ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық қатынастарды және мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Си Цзиньпин мырзамен Бейжіңдегі кездесуді ерекше ықыласпен еске аламын. Менің ойымша, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және әртараптандыруға бағытталған күш-жігеріміз өз жемісін береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ-қытай ынтымақтастығын мүлде жаңа деңгейге көтеруге тараптар бар күшін жұмсайтынын айтты.

«Жалпы, Қытаймен арадағы достық пен ынтымақтастықты нығайту біз үшін негізгі басымдық саналады. Жан-жақты стратегиялық серіктестік қатынастарды дамыту мақсатында Үкіметтің барлық ведомствосын ҚХР-дың тиісті мемлекеттік ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге бағыттаймыз. Бүгін форумда сөйлеген сөзімде екі елдің ынтымақтастығына, сауда-саттықты өркендетуге, Қазақстан экономикасында Қытай инвестициясының артып келе жатқанына байланысты нақты мысалдар келтірдім. Әрине, мұның бәрі айрықша мәнге ие. Осы орайлы сәтті пайдаланып, Сізді Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы ретінде Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруымды тағы бір мәрте растағым келеді», деді Президент.


Фото: Ақорда баспасөз қызметі
28 наурыз 2024 ж. 188 0