Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлік пен ынтымақтың ұйымы

Бірлік пен ынтымақтың ұйымы

Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) – Екінші дүниежүзілік соғыстан ­ке­йін КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттерінің бел­сенділік танытып, бас көтеруімен құрылған халықаралық ұйым. Бас­ты мақсаты – бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, ұлттар арасындағы достық қатынасты дамыту, халықаралық мә­селелерді шешу, адам құқығын қорғау.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін ұлттар бірлесе әрекет ететін орталық құру қажеттігі туындады. Нәтижесінде, 1945 жылы 24 қа­занда аталмыш ұйым өз декларациясын қабылдады. Бұл күн «Біріккен ұлттар ұйымы күні» деп жарияланды. Ал «Біріккен Ұлттар» атауын АҚШ-тың 32-президенті Ф.Д.Рузвельт ұсынған.

Тәуелсіз Қазақстан 1992 жылдың 2 нау­рызында Біріккен Ұлттар Ұйымына мү­шелікке қабылданды. Еліміз БҰҰ Бас Ас­самблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі за­манның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. Сандарды сөйлетсек, биыл БҰҰ өзінің 76 жылдығын атап өтуде.


Адамзат тағдыры талданатын Бас Ассамблея трибунасында сенсациялық мә­лім­­демелер жиі жасалады. Ұйымның құ­­­­рыл­­­ғандағы басты мақсаты – кейінгі ұр­пақ­ты әлемдік соғыстардың салмағынан сақ­тау болатын. Ғаламдағы түрлі геосая­си өз­герістерге қарамастан, ұйым әлі күнге дейін әлемді сақтау міндетін алғашқы орынға қойып келеді. БҰҰ жұмыс жасап тұрған 76 жыл ішінде әлемде құрлықаралық қа­рулы қақтығыстар мен атомдық соғыстар болмағаны белгілі. Еске сала кетейік, атом бомбасын басқа елде қолдану 1945 жылы Жапонияның Хиросима және Нагасаки қа­лалары арасында орын алған.

Алайда, әлемде болып жатқан әре­кет­тердің әрқайсысының алдын алу мүм­кін емес. Тек соңғы 30-40 жыл ішінде орын алған Руанда мен Камбоджадағы геноцид, Сребреницадағы қырғындар, Юго­с­лавиядағы азамат соғысы, Сомали мен Судан, Шри-Ланкадағы қарулы қақты­ғыс­тардың өзі елдердің ішкі-сыртқы жағдайына айтарлықтай зардап тигізгені анық. Армения мен Әзербайжан арасындағы Тау­­лы Қарабаққа қатысты қайта өршіген қақ­тығыстар ірі көтеріліс ошақтары ретінде тарихта қалғандығы тағы бар.

Қазіргі күні әлемнің дүниежүзілік соғыс­тан бас тартуы бір жағынан ұйым жұмысы­ның жақсы атқарылып жатқандығынан болса, екінші жағынан жалпы адамзат тікелей қақтығыстың қажетсіздігін түсінді. Дәстүрлі соғыстар «үшінші мемлекеттер» аумағында ғана жүріп жатыр. Бұған дәлел ретінде, Йемен, Сирия, Ливиядағы ұзақ мерзімді қақтығыстарды айтсақ жеткілікті. Заманның ағымына орай «гибридтік соғыс» ұғымы жиі кездесіп жүр. Ғылым мен техника дамудың шегіне жетіп тұрған заманда қолға қару алып, «аттандаудың» қажеті жоқ. Соғыс аш­қысы келген жақ шығынға батып оқ-дәрі қорын құрмаса болады. Инфрақұрылымға, электр желілері мен өндірістік нысандарға жасалған сәтті кибершабуыл әуеден бомбалаудан зор зиян келтіре алады.

Бұл күні ұйымға түрлі сын айтылып, институционалдық, құқықтық, қаржылық реформалар жүргізу қажеттігі туындап отыр. Мұны саяси лидерлер де қолдауда. БҰҰ құрамындағы маңызды ұйымдардың бірі – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. ДДСҰ 2020 жылы коронавирус пандемиясымен күресте үлкен сынға ұшырады. Бір кездері безгек пен шешек ауруларын жою бағдарламасын сәтті аяқтаған ДДСҰ бұл жолы ұйымға қатысушы елдердің, тіпті ұйымнан шығатынын жариялаған АҚШ-тық «шабуылдардың» нысанасына айнал­ды. Нәтижесінде, біржақты пікірлер пай­да болып, ұйым жаңа бастамаларын қар­жы­ландыруда қиындықтарға тап болды. Сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп «ДДСҰ өз міндетін дұрыс атқармай, вирус Қытайда алғаш пайда болғанда мән бермегендіктен, жағдай пандемияға ұлас­ты» деп ұйымды қаржыландыруды тоқтата тұратындығын мәлімдегені есімізде. Дегенмен, мұны деградацияға балап, біржақты көзқарас қалыптастыруға болмайды. «Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген, ұйымның құрылғалы атқарып жат­қаны – адамзаттың игілігі. Мысалы, 2020 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағ­дарламасы аштықпен күрескені үшін «Нобель» сыйлығымен марапатталды.

Айта кетерлік жағдай, биылғы БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясында Қазақстан Республикасы 2022-2024 жыл­дарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі ке­ңесі­нің мүшесі болып сайланды. Адам құқық­­тары жөніндегі кеңес – БҰҰ жүйесінің үкімет­аралық органы. Оның құрамына әлем­дегі адам құқықтарын көтермелеуге және қорғауға жауапты 47 мемлекет кіреді. Кеңес құзыретіне оның назарын талап ете­тін адам құқықтары саласындағы барлық тақырыптық мәселелер мен жағдайларды талқылау кіреді. Ал мүшелері бес өңірлік топтан сайланады және өз міндеттерін үш жыл бойы атқарады. Адам құқықтары жөніндегі кеңестің отырыстары БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде өтеді.

Бұған дейін еліміз Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 2013–2015 жылдары сайланған болатын. Ал бұл жолы Қазақ­станмен бірге АҚШ, Люксембург, Финляндия, Литва, Черногория, Аргентина, Гондурас, Парагвай, Бенин, Камерун, Эритрея, Гамбия, Сомали, Үндістан, Малайзия, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктері бар.

Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымындағы маңызды үрдістерден тыс қалған емес. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бері бүкіл әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне үлкен үлес қосып келеді. Ядролық қарудан бас тарту, Азияда сенім шараларын орнату, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үрдістерді нығайту, өркениеттер мен дін­дер диалогын шақыру – осының бәрі біз­дің мемлекетіміздің БҰҰ Жарғысының ұс­танымдары мен мақсаттарына сәйкес атқарған істері. Және де бейбітшілік пен ынтымақтастыққа негізделген жұмыстар тізі­мі алдағы уақытта да жалғаса беретіндігі анық.



Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

26 қазан 2021 ж. 513 0