Қос палатаның жұмысы тоқтады
Тәуелсіздік алған жылдан бері мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бағытында қаншама маңызды саяси реформа жүзеге асырылды. Осыдан 30 жылдан аса уақыт бұрын қос палаталы Парламент құрылып, еліміздегі заң шығару қызметінің сапасын арттырып, демократиялық институттың нығаюына тың серпін берді. Міне, жылдар бойы жұмыс жасаған қос палатаның осы аптада соңғы отырысы өткізіліп, 148 халық қалаулысының өкілеттілігі тоқтады. Бұл бастама Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Жаңа Ата Заңның күшіне енуімен тікелей байланысты.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палатасының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, Қос палаталы Парламенттің құрылуы – тәуелсіз Қазақстанның саяси дамуындағы тарихи белес екенін айтты. Ол елімізде тиімді заң шығару жүйесін қалыптастырып, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығы мен қоғамдағы демократиялық үдерістің дамуына берік негіз қалағанына айрықша тоқталды. Бұдан бөлек, мазмұны 85 пайызға жаңарып отырған Конституцияның негізінде бір палаталы Құрылтай елімізде жұмыс жасайтынын айтты.
«Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ. Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды. Парламент – мемлекетіміздің басты өкілді органы, қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыстырды. Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты. Бұл – Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі. Түптеп келгенде, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді, басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды. Мен Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар. Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар. Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік» деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Сенат – өңірлердің мүддесін білдіретін палата ретінде қызмет атқарды. Оның құрамына облыс, республикалық маңызы бар қала мен астанадан сайланатын депутат және Президент тағайындайтын халық қалаулысы кірді. Ал Мәжіліс халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланатын депутаттардан жасақталды. Мұндай құрылым заң жобасын жан-жақты талқылауға, олардың сапасын арттыруға және елдің барлық өңірінің пікірін ескеруге мүмкіндік береді.
Қос палаталы Парламенттің басты ерекшелігі – заң жобасының бірнеше кезеңнен өтуі болды. Алдымен заң жобасы Мәжілісте қаралып, мақұлданғаннан кейін Сенатқа жолданып отырды. Сенат құжатты жан-жақты саралап, қажет болған жағдайда өзгерістер енгізетін. Бұл заңның сапалы әрі өміршең болуына ықпал етті. Осы жылдар ішінде Парламент елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына бағытталған мыңдаған заң қабылдады. Мемлекеттік басқару, кәсіпкерлікті қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, цифрландыру және басқа да маңызды салалардағы реформалардың заңнамалық негізі осы органда қаланды.
Соңғы жылдары жүзеге асырылған көптеген саяси реформа аясында Парламенттің өкілеттігі кеңейіп, депутаттардың заң шығару қызметіндегі жауапкершілігі арта түскен еді. Сондай-ақ азаматтардың ұсыныстары мен қоғамдық пікірді ескеруге басымдық берілді. Бұл халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, ашықтық қағидаттарының орнығуына ықпал етті.
Тамыз айының соңғы аптасында бір палаталы Құрылтай жұмысын бастайды. 145 депутаттан тұратын жаңа құрылым еліміздің заң шығарушы органына айналады.
«Тт» ақпарат










