Өңірде кәсіпорындардың жалақы қарызы тіркелген жоқ
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұловтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.Брифинг барысында өңірдегі еңбек қатынастарының жай-күйі, жұмысшылардың құқықтарын қорғау және өндірістегі қауіпсіздік мәселелері кеңінен сөз болды. Спикердің айтуынша, еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау және еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету негізгі басымдықтардың бірі.
«Есепті кезеңде мемлекеттік еңбек инспекторлары 87 тексеру жүргізіп, 125 заңбұзушылықты анықтады. Нәтижесінде 73 нұсқама беріліп, 13 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 3,5 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар 217 жұмыскердің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Өтініштермен жұмыс та қарқынды жүргізілді. Бірінші тоқсанда 566 арыз-шағым қаралып, тиісті заң аясында шешімін тапты. Облыс кәсіпорындарында жалақы қарызы тіркелген жоқ. Жыл басында мониторингке алынған үш ірі кәсіпорындағы еңбек даулары да өз шешімін тауып, ахуал тұрақтанған. Министрлік тарапынан жүктелген міндеттер аясында өндірістік жарақаттануды азайту, еңбек қауіпсіздігін күшейту, еңбек қатынастарын цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жоспарлы шаралардың орындалуын қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз», – деді Бектемір Жұмағұлов.
Цифрландыру бағытында да оң нәтижелер бар. Ұжымдық шарттарды электронды форматқа көшіру жоспары артығымен орындалған. Ал еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне өңірдегі кәсіпорындардың 87 пайызы қосылып, жұмыскерлердің 93 пайызының еңбек келісімдері енгізілген.
Бектемір Ұлыбекұлының айтуынша еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәсіби тәуекелдерді бағалау жұмыстары жүргізіліп, «Нөлдік жарақаттану - Vision Zero» тұжырымдамасына 42 кәсіпорын қосылған. Сонымен бірге еңбек тәуекелдері картасы арқылы 2 998 кәсіпорын бақылауға алынып, тәуекелі жоғары және орта деңгейдегі мекемелермен жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта да еңбек қатынастарын тұрақтандыру, өндірістік қауіпсіздікті арттыру және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасады.










