Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Саладағы өзгеріс – тиімді жұмыс кепілі

Саладағы өзгеріс – тиімді жұмыс кепілі

Жақында Сырдария ауданына Қызылорда облыстық аумақтық инспек­циясының басшысы Ерсұлтан Әпетов арнайы іссапармен келді. Аудандағы аумақтық инспекция ұжымымен кездескен Ерсұлтан Амантайұлы ветеринария саласына қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді.

Жиын барысында жергілікті жер­дің эпизоотиялық жағдайын қатаң бақылауда ұстау керектігіне баса назар аударған Ерсұлтан Әпетов ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрлігі тарапынан берілетін барлық тап­сырмалардың уақытылы орындалуы қажеттігін алға тартты.

Өз кезегінде ветеринария саласы дәрігерлерінің жұмысын жетілдіру бағытында ой-пікірін білдірген басшы «Төрт түлік» мобильді қосымшасының тиім­ді­лігіне тоқталды. «Бірыңғай ақпараттық жануарлар­ды қадағалау» жүйесіне егу жұмыстары мен қан сына­маларын уақытылы әрі сапалы енгізу, сондай-ақ өзге де цифрлық модульдерге дер кезінде дұрыс тіркеу және деректердің өзектілігін қамтамасыз ету мәсе­лелері кеңінен қамтылды.

– Индикативтік жоспарлардың орындалуы, вете­ринариялық бағыт­тағы мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі белгіленген мерзімде көрсету, қызмет бары­сында жол берілетін кемшіліктердің алдын алу – өте маңызды. Елімізде цифрландыру жобасы жүзеге асуда. Саланы жан-жақты электронды жүйеге көшіру күн тәртібінен түскен емес. Ауыл шаруашылығы жануарларын аса қауіпті, адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, тағамдық өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында назар аударар мәселе көп. Жергілікті әкімдікпен бірлесіп жұмыс жасау ар­қы­лы саладағы қордаланған мәселелерді шешуіміз ке­рек. Сонымен қатар бүгін мал сою пунктін салу бойынша ауқымды іс-шаралар қолға алынуы тиіс, – деді Ерсұлтан Әпетов.

Бұл ретте Ерсұлтан Амантайұлына аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Сады­қов пен ветеринариялық станса басшысы Нұрлыбек Дәулетбаев аудан көлемінде сала бо­йын­ша атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде баян­дады. Жиын қорытындысында бас маман Гүлжан Мешітбаеваға арнайы «Алғыс хат» табысталды.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
31 қаңтар 2026 ж. 71 0