Алматының жаңа бас жоспары, аспалы жолдарды көбейту: мегаполис әкімі Тоқаевқа есеп берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімін қабылдады. Дархан Сатыбалды мемлекет басшысына қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, сондай-ақ негізгі қала құрылысы мен инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылуы туралы баяндады, деп хабарлайды Ақорда.Дархан Сатыбалды былтыр қысқа мерзімді экономикалық индикатор 12,8 пайызға көтерілгенін айтты. Мемлекет бюджетіне 6,6 трлн теңге салық пен міндетті төлемдер түскен.
Әкім қаланың бірнеше орталығын дамытуға бағытталған жаңа стратегиялық бастамаларды таныстырды.
Аталған тұжырымдама аясында заманауи IT-инфрақұрылым, көпфункционалды іскерлік кешендер, сондай-ақ тұрғындардың демалысы үшін абаттандырылған рекреациялық аймақтар жасақталады. Яғни бұл жұртшылық жиі баратын орындарға айналады.
Сондай-ақ ол Алматы қаласының заманауи көлік жүйесін қалыптастыру жөнінде мәлімет берді.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, жүрдек қоғамдық көлік жүйелерін дамыту тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасап, қаланы орнықты дамытудың негізгі факторы болмақ.
Алматының Бас жоспарында ауаның еркін айналымын қамтамасыз етуді, шаһардың жоғары және орталық бөліктеріндегі шамадан тыс тығыз құрылысты тежеуді, сондай-ақ жасыл желектің аумағын үш есеге – 3 800 гектарға дейін ұлғайтуды көздейтін шешімдер қарастырылған.
Одан бөлек мегаполис әкімі 2025 жылы қала көшелері сапалы жарықтандырылып, қуаты екі есе артқаны жөнінде баяндады.
Онымен қоса қаланы абаттандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді безендірудің бірыңғай стандартына сәйкес саябақтар мен көшелерді жаңғырту шаралары жоспарланған.
Дархан Сатыбалды мемлекет басшысына Алматы тау кластері жобасын дайындау жайында да есеп берді.







