Әлеуметтік салаға қамқорлығы мол
Сыр өңірінде V Ұлттық құрылтай өтті. Сала ардагері ретінде қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, ел дамуының басым бағыттары айқындалатын ауқымды іс-шараға құлақ түрдік. Президент қатысуымен өткен бұл жиында көтерілген ұсыныстар мен бастамалар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға, ұлттық бірлікті сақтауға және қоғамдық келісімді дамытуға ықпал етеді. Құрылтай жұмысы халықтың пікірін ескеруге, әлеуметтік, мәдени және рухани құндылықтарды жаңғыртуға бағытталғанымен құнды. Мұндай форматтағы кездесулер елдің тұрақты дамуына және стратегиялық мақсаттардың іске асуына негіз болады.Құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Қазір Қызылорда облысында, әсіресе, әлеуметтік салада жақсы жаңалық көп. Үш жылда осы аймақта 34 білім беру, 45 мәдениет және спорт нысаны салынды. Бұған қоса, 40 медицина нысаны ашылды. Менің тапсырмаммен Қызылордада 300 орынға арналған көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Көп ұзамай 500 орындық емхана және 200 орындық перзентхана салынады. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы барлық салада қарқынды дамуда. Облыстың жағдайы жалпы жақсы деп күмәнсіз айтуға болады. Бұл – әкім Нұрлыбек Нәлібаевтың белсенді, табанды жұмысының нәтижесі» деп аймақта жасалған жұмыстарға жоғары баға берді. Расында да Сыр өңірі қай саланы алсақ та, көш ілгері келеді. Әсіресе облыс халқының денсаулығын жақсарту мақсатында жасалған әрбір игі іске көңіліміз қуанып, мерейіміз тасып отырамыз.
Халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» деген қанатты сөз бар. Облысымыздың қазіргі дамуы – аймақ басшысының тас-түйін, тынымсыз тіршілігінің жемісі. Азаматтарға аттан түсірмес абырой берсін!
Сыр елі қарыштап дами берсін!
Абдулла ШҮЛЕНБАЕВ,
денсаулық сақтау
денсаулық сақтау
саласының ардагері











