Кіші Арал суын көбейтуге мүмкіндік бар
Ұлттық құрылтай ел дамуы үшін маңызды қоғамдық диалог алаңы болғанын көрсетті. Сыр өңірінде құрылтай өткізу – тарихи әділеттіліктің белгісі әрі ұлттық мемлекеттілікке бастау болған аймаққа көрсетілген құрмет. Жиында көтерілген тіл, мәдениет, өңірлерді дамыту, әлеуметтік әділеттілік мәселелері қоғамның нақты сұранысынан туындап отыр.Бұл құрылтайдың басты құндылығы – халық үні ескеріліп, ұсыныстар нақты шешімдерге ұласуы тиіс деген ортақ жауапкершіліктің айқын сезілуі.
Сыр өңірінде өткен құрылтайдың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын көруге болады. Мемлекет басшысының өзі ризашылығын білдірді. Елдің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалудың мәні үлкен. Бұл ретте Президент депутаттар санына қатысты мәселе қызу пікірталас туғызғанын да ашық айтты, бұл мәселенің де аражігін ашып берді. Шын мәнінде тиімді әрі кәсіби Парламент құрудың маңызы зор. Жаңа заң шығарушы орган елдегі ауқымды өзгерістерге заңнамалық тұрғыда барынша қолдау көрсетуге тиіс.
Сонымен қатар Президент Қызылордаға келіп тұрып, Арал мәселесіне тоқталмай кету мүмкін емесін де жеткізді. Расында Арал – бір елдің ғана емес, тұтас Орталық Азияның ортақ мәселесі. Сондықтан трансшекаралық өзендерді тиімді басқару, су үнемдеу технологиясын енгізу, халықаралық ынтымақтастықты күшейту – басты міндеттердің бірі. Экологиялық сана қалыптастыру мен ғылыми зерттеулерді қолдаудың маңызы зор. Бұл ретте Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынғанын, жоба осы жылдың соңында басталатынын өзі айтты. Енді Кіші Арал суының көлемін айтарлықтай көбейтуге мүмкіндік болады.
Арал тағдыры – табиғатқа немқұрайлы қараудың ащы сабағы. Оны сақтау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Табиғатпен үйлесімді даму жолын таңдаған жағдайда ғана Аралдың болашағына үмітпен қарауға болады.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, ел тағдырына қатысты ең күрделі мәселелерді қазақ халқы үнемі құрылтайда, билер кеңесінде отырып шешкен. Ел бірлігі, жер тұтастығы, жұрттың амандығы бәріне ортақ ақылдасу алаңында талқыланған, шешім шығарылған, ортақ заң қабылданған. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай сол ата дәстүрдің заманға сай жаңғыруы деп білемін.
Айтбай КӨШЕРБАЕВ,
техника ғылымдарының кандитаты,
қоғам қайраткері
техника ғылымдарының кандитаты,
қоғам қайраткері











