Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Озық IT-шешімдер бар, бірақ ескірген әдістер әлі де сақталып отыр – Үкімет басшысы

Озық IT-шешімдер бар, бірақ ескірген әдістер әлі де сақталып отыр – Үкімет басшысы

Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайларға қарсы тұру құралдарын жасауға ерекше назар аудару керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты. KAZINFORM

- Президент Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Озық технологиялар саласында біз цифрлық шешімдер мен қызметтерді сәтті жасап, сата білетін жетекші елдердің қатарына кіруге ұмтылуымыз керек. Былтыр цифрландыру және жасанды интеллект саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Заңнамалық база жасалды, есептеу қуатын сатып алу қамтамасыз етілді, alem.ai ұлттық жасанды интеллект орталығы іске қосылды. Қазақстандық IT-қызметтер экспортының көлемі өткен жылы шамамен бір миллиард долларға жетті. Бұл жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек, - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы инфрақұрылымды дамыту отандық экономиканы нақты трансформациялау ісінде басты рөл атқарады.

- Бүгінгі таңда күнделікті өмірде кеңінен қолдануға арналған шешімдер жетіспейді. Компаниялар жаңа прототиптерді ұсынумен ғана шектелмей, оларды толық аяқтап, іс жүзінде қолдануға дейін жеткізуі керек. Цифрландыру экономикамен және күнделікті өмірмен қатар дамып қана қоймай, олардың ажырамас бөлігіне айналуы керек. Бізде озық IT-шешімдер бар, бірақ ескірген әдістер әлі де сақталып отыр. Мысалы, қазақстандықтар үйдегі есептегіш құралдардың деректерін әлі күнге дейін телефон арқылы жібереді. Мұндай маңызын жойған бизнес-процестер тұтас салаларда бар. Құрылыста BIM-модельдер жоқ, бұл тиімді жобалау мен басқару мүмкіндіктерін шектейді, - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы өндірістерде роботтандыру, ал ауыл шаруашылығында серпінді IT-шешімдерді енгізу қарқыны баяу екенін баса айтты.

- Сондықтан уәкілетті органдар экономикаға елеулі әсері болатын практикалық цифрлық шешімдерге назар аударуы қажет. Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен төтенше жағдайларға қарсы тұру құралдарын жасауға ерекше назар аудару керек. Жасанды интеллект дамыған сайын алаяқтық жағдайлардың да анағұрлым жетілген түрлері пайда болады. Ішкі істер, Жасанды интеллект министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірге осындай әрекеттерді тиімді анықтау және тану тетігін әзірлеуі қажет. Жалпы қолданыстағы құралдар мен цифрлық шешімдерді жетілдіру бойынша тұрақты проактивті жұмыс жүргізу қажет. Бұл қоғамның цифрлық шешімдер мен онлайн-платформаларға деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді, - деді Премьер-министр.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

06 қаңтар 2026 ж. 65 0