Топ-баннер
Топ-баннер2
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ауыл аманаты»: келешегі жарқын бағдарлама

«Ауыл аманаты»: келешегі жарқын бағдарлама

Жақында Сыр өңіріне ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов арнайы іссапармен келді. Сапар аясында Премьер-министр кеңесшісі облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевпен бірге Сырдария ауданының Бесарық ауылына барды. Бесарық ауылында Ералы Лұқпанұлына «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жүзеге асып келе жатқан бірқатар жоба таныс­тырылды.

Айта кетейік, өрісте малы жайылған, берекесі тасыған елді мекенде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бас­тамасымен қолға алынған, ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақ­сартуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы табысты жүзеге асуда. «Абай Дәулет» ЖШС құрған өндірістік алаңда ауыл тұрғындарының 13 бизнес бастамасы шоғырланған. Жартылай фаб­рикат, пластикалық ыдыстар, ағаш бұйымдар, тоқыма, сабын, кондитерлік өнімдер өндіретін цехтар бар. Өсімдік, құс, мал шаруашылығымен, құрылыс өнімдерін шығарумен айналысатын көп­салалы компанияның өндірістік қуаты артуда. Бұл ретте Ералы Лұқпанұлы «Абай Дәулет» ЖШС бастамасымен құ­рылған «Сыр құсы» агроөнеркәсіптік кооперативінің жұмысымен танысты.

Негізінен, өндірістік кооператив «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құры­лып, 27,6 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Шағын құс фермалары (птичник) салынған. Әрқайсында Тараз қаласынан әкелінген 1500 бас бройлер балапаны (барлығы 4500 шөже) бағылады. Бройлердің ерекшелігі – еттілігінде, олар 30-55 күнде сойылады және қысқа уақытта 2-2,5 келі ет береді. «Сыр құсы» кооперативі былтыр 29,7 тонна құс етін, биыл 9,6 тонна өнім өндірді.

Жалпы өңірде құс шаруашылығы бағытында екі кооператив («Сыр құсы» АӨК, «Шиелі құс» АӨК) құрылып, 4 500 бас құс бағатын 6 типтік құс фермасы (птичник) жұмыс жасайды. Өткен жылы облыста 85,3 тонна тауық еті өндірілсе, оның 38,3 тоннасы, яғни 46 пайызы осы кооперативтердің үлесінде. Биыл аталған кооперативтер 46 тонна тауық етін өндіріп, ауыл тұрғындарына тиімді бағамен ұсынды.
Айта кетейік, «Абай Дәулет» ЖШС 2018 жылдан бері ауылды дамытуға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қаражат 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша және дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандарды абаттандыруға, көгалдандыруға, жөн­деуге бағытталды.

Ералы Тоғжанов ауыл халқының табысын арттыру, экономикасын жоға­ры көрсеткіштерге жеткізу басты міндет­тердің бірі екенін айтып, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Ал Бесарық ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жү­зеге асырылған жобаларды тек облыс кө­лемінде емес, республиканың барлық өңір­леріне тарату қажеттігін айтты.

Расында, «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы облыс көлемінде сәтті жүзеге асып келеді. Бағдарламаның игілігін көрген жергілікті халық бизнесін дамытып, қаржыландыру көзіне қол жеткізуде. Бұл ретте облыс әкімдігінде «Ауыл аманаты» жобасының өңірде жүзеге асырылу барысы талқыланған мәжіліс өтті. Оған ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, AMANAT партиясы өкілдері, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, қала, аудан, ауылдық округ әкімдері және бизнес өкілдері қатысты.
Келелі жиында аймақ басшысы өңір­дегі ауқымды жұмыстарға, бастамалар мен алдағы міндеттерге тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлы­­­ның 2022 жылы қа­ра­ша айында Қазақстан Республикасы Прези­денті лауазымына кіріскеннен кейін ең алғашқы қол қойған Жарлығы – «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасы» болды. Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Бүгінде өңіріміздің 447 мың тұрғыны (облыс халқының саны 845 мың адам) немесе 53 пайызы ауылда тұрады. Агробизнес өкілдері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ауылдардың жағдайын жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқаруда. Бүгінгі жиынның басты мақсаты – «Ауыл аманаты» жобасын іске асырудағы негізгі мәселелерді талқылау, ұсыныс-пікірлерді бөлісу» деді облыс әкімі.

Мәжілісте Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, осы жоба шеңберінде Қызыл­орда облысында атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Сәкен Мырзабек, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас­шысы Талғат Дүйсебаев және бизнес өкілдері баяндама жасады.

Айта кетейік, соңғы екі жылда (2023, 2024 жж.) «Ауыл аманаты» жобасы аясында 5 млрд 500 млн теңгеге 782 жоба іске қосылып, 1 110 жаңа жұмыс орны ашылды. Биылға 5,5 млрд теңге бөлініп, 443 жоба жоспарланған. Алдағы жылға 5,6 млрд теңгеге 305 жоба көзделген. Жалпы 2,2 млрд теңгеге 65 кооператив қаржыландырылмақ. Бүгінгі күнге 23 кооперативтік жобалар пулы жасалып, пысықталуда.

Б.АЯБЕКҰЛЫ

23 желтоқсан 2025 ж. 275 0