Абай еліне саяхат: екі өңір арасында рухани байланыс орнады

Негізінен, өңірімізден Абай облысына 52 ардагер арнайы іссапармен барған. Оларды Семей қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Әбілбаев қарсы алған. Сыр өңірінен келген зиялы қауым өкілдері арнайы жатақханаға орналасып, Семей қаласының көрікті жерлерін аралаған.
– Қазақта «Жақсыны көрмек үшін» деген мақал бар. Күннен-күнге өсіп-өркендеп келе жатқан Абай облысына іссапарымыз өте сәтті болды. Ауданнан бірнеше ардагер делегация құрамына кірдік. Ең алдымен, қаланың тыныс-тіршілігіне көз жүгіртіп, сәулеті келіскен ғимарат жұмысымен таныстық. Ұлы ақынның, Мұхтар Әуезовтің және Алаш арыстарының мұражайын, Тынымбай Қаукенов атындағы мешітті көріп, тарихи құнды жәдігерлердің, бұйымдардың осы кезге дейін сақталуына аса мән бердік. Даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы көтеріп әкелген 300 келілік тасты қолымызбен ұстап көрген едік. Абай Құнанбайұлының тұтынған заттарының жасалу жолын білдік. Бұдан бөлек, Қызылорда облысының концертін тамашалап, өнерге деген құрметтің ерекше екенін өңір жұртшылығының ыстық ықыласынан байқадық. Абай облысының әкімі Берік Уәли арнайы қонақасы берген еді. Сонда ән айтқан Мариям Жагорқызының немересімен танысуға мүмкіндік алдым, – дейді Алтын Нұртаева.
Сапар кезінде Сыр өңірінен келген делегация «Еңлік-Кебек» кесенесіне, Абай мен Шәкәрімнің мазарына, Зере мен Ұлжанның зияратына барып, марқұмдардың рухына Құран бағыштады. «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени мемориалдық музейін аралап көрді.
– Екі өңірдің арасындағы берік байланысты көріп, ерекше қуандым. Мәдени-тарихи орындарды аралап жүріп, ұлылардың туған жерінің қасиетті екеніне көз жеткіздік. Абай облысына тарту ретінде қызылордалықтар «Анаға тағзым» орталығын салуға уағдаласты. Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойы аясында талай қызықты дүниеге қанықтық. Мән-мағынасы терең сапардың жанымызға рухани байлық сыйлағанын анық сезіндік, – дейді ардагер-ұстаз.
Б.АЯБЕКҰЛЫ