100 мың адам зейнетақы мен жәрдемақыдан айырылуы мүмкін

Мониторинг нәтижесінде, елде 108 мыңнан астам адамның тұрақты тіркеуі жоқ, ал тағы 28 мыңнан астамы тек уақытша тіркелгені анықталған. Егер түзетулер қабылданса, мұндай азаматтардың зейнетақысы мен жәрдемақысы уақытша тоқтатылады.
Құжатта бұл өзгерістерге қатысты наразылық болуы мүмкін екені де атап өтілген:
«Осы нормаларды қабылдау елден тыс жерлерге кеткен және осы елде тұруға ықтиярхат алған зейнетақы мен жәрдемақы алушылар (Қазақстан азаматтары) тарапынан наразылыққа әкеп соғуы мүмкін. Мұндай жағдайда төлемдер мән-жайды анықтағанға дейін тоқтатыла тұрады», делінген түсіндірмеде.
Бұдан бөлек, толық мемлекеттік қамсыздандыруда жүрген әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарындағы және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тұратын азаматтарға зейнетақы төлемдері тоқтатылады.
Түзетулер атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне де әсер етеді. Енді оны тағайындау кезінде отбасының табысымен қатар, шығыстары, несиелері, депозиттері және мүлкі де ескерілетін болады. Министрліктің айтуынша, бұл шара төлемдердің нақтылығын арттырып, бюджет қаражатын негізсіз жұмсауды азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар құжатта декреттік төлемдердің ең жоғарғы мөлшерін шектеу қарастырылған. Жаңа ереже бойынша, бұл сома 7 ең төменгі жалақыдан аспайды, ал жұмыссыздық бойынша жәрдемақы тағайындауға бақылау күшейеді.
Еңбек министрлігі бұл шаралар әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығын кемінде 2032 жылға дейін қамтамасыз етуге бағытталғанын мәлімдеді.
Заң жобасын 2025 жылдың желтоқсан айында қабылдау жоспарланып отыр.
Фото: Ашық дереккөзден