Тұтынушы сапалы тауар сатып алуға құқылы
Заң талабына сәйкес тұтынушылар қауіпсіз, сапалы тауарды сатып алуға құқылы. Бұл ретте республика бойынша импорттық өнімнің шамамен 68 түрі зерттелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы мәлімдеді.
Департамент басшысының айтуынша тамақ өнімдерінің нормативтік қауіпсіздігінің бұзылуы бойынша 19 дерек анықталған.
-Өнімнің санитарлық – эпидемиологиялық талаптарға, мәлімделген сипаттамалар мен құрамға, сондай-ақ таңбалау талаптарына сәйкес келмеуі сияқты бұзушылықтар анықталды. Қорытындысымен тамақ өнімдерінің сәйкестігі туралы 63 декларацияның, сәйкестікті бағалау туралы 200-ден астам құжаттардың күші жойылды, - деді департамент басшысы.
Аталған жұмыстар Қызылорда облысында да жүргізілді.
-Өнімдердің қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз ету бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қызылордада 46 азық-түлік өнімі мен 2 ойыншық сатып алынды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, әсіресе шетелдік өнімдер көбінесе көрсетілген сипаттамалар мен параметрлерге сәйкес келеді. Алайда кейбір өнімдерде тауар туралы ақпараттың толық берілмеуі немесе жоқ болуы сияқты сәйкессіздіктер анықталды, деді «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» ҚБ өкілі Майра Садықова.
-Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармаларымен өнімдерді бақылау мақсатында жыл басынан бері өңірдегі 15 сауда орнынан 161 сынамасы сатып алынып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сараптама жүргізуге алынған өнімдердің 72,1 пайызын тағам өнімдерін және 27,9 пайызын азық емес өнімдер құрады, - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ерлан Ұзақбаев.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі