Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы тағайындалды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалған Талекенов Ербол Сәтбайұлы таныстырылды.
Ербол Сәтбайұлы 1983 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит», М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдау» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы «Глобал Транс Сервис Еуразия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде менеджер-логист болып бастаған. 2006-2007 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы, 2007-2017 жылдары Көлік және коммуникациялар министрлігінің Көлік комитетінде маман, бас сарапшы, Солтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекцияларында бас маман, бөлім басшысы, Инвестициялар және даму министрлігінде басқарма басшысы болған. 2017-2020 жылдары «Жолаушылар тасымалы», «Теміржолсу» акционерлік қоғамдарында президент кеңесшісі, «Теміржолсу-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері, 2020-2023 жылдары Арал ауданы әкімінің орынбасары, Арал қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
2023 жылдың қазан айынан осы кезге дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы логистика және тасымалдау департаментінің директоры қызметін атқарып келді.
Аймақ басшысы Ербол Талекеновтің қызметіне сәттілік тіледі.
«Ербол Сәтбайұлы жаңа қызметінде өңірдің транзиттік әлеуетіне сәйкес автомобиль жолдарындағы ірі габаритті және ауыр салмақты көлік құралдарының, теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды үйлестіретін болады. Жаңа қызметіңізге сәттілік, ел мүддесі жолындағы еңбегіңізге табыс тілеймін»,– деді Нұрлыбек Нәлібаев.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі