Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақтың батыр қыздары

Қазақтың батыр қыздары

Қазақ тариханда ойып тұрып орын алған әйелдер кімдер? Олар ел есінде несімен есте қалды? Бір ауыз сөзімен, орамалын жерге тастап, дауды, соғысты тоқтатқан әйелдер оқиғасы жайлы, олардың Қазақстан тарихындағы орны, рөлі, өмірі жайлы Stan.kz редакциясы тарихшылардан сұрады.

Қазақ тарихында әулие ден саналған әйел адам ретіне Ұмай ана көп деректерде кездеседі. Түркі мифологиясы бойынша ол ұрпақ жалғастығына демеу болатын періште. Қыздар, әйелдер Ұмай анаға жалбарынып, көмек сұрайтын болған. Көбінесе Ұмай ана босану кезінде әйел адамға көмектеседі, сәбиді түрлі бәледен қорғайды деп есептеген.

Тағы бір қазақ тарихында аты аңызға айналған Домалақ ана. Деректерге сүйенсек, оның шын аты - Нұрила болған. Ол Бәйдібек бидің әйелі. Ол өзінің көріпкелдігі, сәуегейлігімен танылған. Қазақ даласына VIII ғасырда ислам дінін насихаттап келген арабтың қызы екен.

Қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс кезінде ерлік істерімен ел есінде қалған батыр әйелдердің бірі - Гаухар. Ол Қаракерей Қабанбайдың жары. Ол батырмен бірге қанды шайқастар мен жорықтарына қатысқан.

XVII ғасырда өмір сүрген тағы бір қазақ батыр қызы Назым. Ол Гаухардың қызы болған. Деректерде Абылай ханның өзі қыздың ерлігінериза болып, беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін шешім, қызға сыйлағандығы айтылады. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған жеңісі Назымның атымен байланыстырылады.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Рауан Байдалы орта ғасырдағы беделді қазақ қыздарының бірсыпырасы жайлы айтып өтті.

Тұмар ханым, Зарина ханшайым

Сақ-скиф дәуірінде екі тұлғаны айтамыз: Тұмар ханым, одан кейін Зарина ханшайым қазақ тарихында ойып орын алады деп айта аламыз. Осы екі ірі тұлған ел билеген қазақ әйелдері деп атап өтуге болады. Түркілер қоғамында билікке, мемлекет ісіне араласқан әйелдер көп болған. Сол кездегі зерттеушілер Гумелевтің айтуы бойынша саяси мәселелерді әйелдер арқылы шешуге болады деген пікірлер бар. Өздерінің жеке бақытына қарағанда елінің бақытын ойлаған мемлекетшіл тарихи тұлғалар деп айта аламыз. Ежелгі деректерде осындай мәліметтер келтірілген соң ел есінде қалып отыр.

XIII ғасырда Қазақстан территориясында Дешті Қыпшақ жерінде шығысқа қарай Хрезм мемлекеті болды. Хрезм мемлекетінде үлкен беделге ие болған Терхем хатунды айтуға болады. Оның інісі танымал тарихи тұлға Отырар қаласының билеушісі Қайыр хан. Міне осы Терхем хатунды орта ғасырдағы беделді қазақ қызы деп есептейміз.

Қазан қаласын жаудан қорғаған Сүйінбикені айтуға болады. Иван Грозный кезінде соңғы жылдары Ресейге жеті рет жорық жасайды. Қазан қаласын қоршаған кезде бүкіл жауапкершілікті мойнына алады. Сүйінбике - ноғай елінің қызы, әкесі, он ағасы болған. Сүйінбике ел тарихында ер азаматтардың күшін біріктіріп, Қазан қаласының қорғаушысы ретінде тарихта есімі қалып отыр. Қазан қаласын қорғаушы батырлардың бірі Нәрк және Шора, ағалы-інілі батырлар Қазан қаласын қорғау кезінде қаза болады. Сүйінбикенің өзі асқақ, сұлу әйел болады. Сұлу келбетін құлағын, мұрнын кесіп шұнақ қылады. Қазір Татарстанда Қазан қаласында Сүйінбике мұнарасы бар.

Сібір хандығы Көшім ханның тұсында Сүзге есімді арғын руынан шыққан елге тірек болған аруды айтуға болады. Ермак тұсында Сібірге жорық жасағанда Сібірдің астанасы Еске қаласын жаудан қорғаған билеушілердің бірі, тұтқынға түспес үшін өзін-өзі өлтіреді.

Тарихта қалған осы тұлғаларды айтып өтуге болады.

Қазақ хандығы ішінде тақ мұрагері әйелдер болмаған, себебі Шыңғыс ұрпақтарынан қойылатын болған. Шыңғыс ұрпақтарының балалары көп болған. Билікке отыратын бала көп болған соң, әйел адамдар таққа отырғызылмаған. Қазақ қоғамында сайлау арқылы билікке түскен.

Қазақ тарихында әйел адам таққа отырды деген дерек кездеспейді, хандарды қолдаған әйел билеушілерді айтуға болады. Мысалы, кіші жүздің ханы Әбілқайырдың бәйбішесі Бопай - дана әйел ретінде танылған. Әбілқайырдың өзі балаларын Бопайға сынатқан дейді.

Ел арасындағы батыр қыздарды айтатын болсақ, Ресей отаршылдығына қарсы Сапура Мәтенқызы атап өтеміз. Ол - Ұлт-азаттық көтерілісті бастағандардың бірін бастаушыларың бірі. Ол туралы еңбектер жазылған.

Гумилевтің өзі де түркі қоғамында әйелдің беделі өте жоғары болғанын айтып өткен. Тұрсын Жұртпай "Дулыға" аталатын еңбегінде аманзон қыздарын "ер апа" деп айтады. Сол сияқты ер адам мен әйелдің құқықтары тең болғанын, дауысқа түскені жайлы тарихи деректерде кездестіреміз.

"Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен" деген ұғым қайдан шыққан?

Бесік ғұндардың дәуірі, археологиялық қазба жұмыстарында бесік өте көне жәдігер болып саналады. Бесік тербеуші әйел Еуразия сахарасында қыздарды тұрмысқа алты айшылық жерлерге де тұрмысқа берген. Қазақтың аңыз, ертегілерінде "Ұлы - Ұрымға, қызы - Қырымға қараған" деген сөз тіркестері кездеседі. Мұндағы Ұрын - Рим, Қырым - Ресей деп айтуға болады. Қазақ қоғамында алыс жерлерге тұрмысқа шыққан қыздар баласын тербетіп отырып қазақи салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты балаға сіңіреді. Осы әйел адамдар арқылы Еуразия халықтары бір-бірін түсініп, ортақ тілде сөйледі. Осыған қарсы мысал ретінде, Қытай елін қарастыруға болады. Онда әрбір провинциясының өзінің диалекті бар болғандықтан, бірін түсінбей жатады.

Өзінің ер азаматын қатты қолдаған, босағадағы ерді төрге сүйреген деп айтамыз. Сол себепті әлемді тербеген деген ұғымды осы қырынан да ашуға болады.

Ел арасында дау-дамай болмай тұрмайды, жанжалдар орын алады. Сонда ақ орамалын тастап ел ішіндегі соғысты тоқтатқан әйел болғаны рас. Алысқа бармай-ақ, мына мысалды келтіруге болады. 1989 жылы БҚО-да Жаңаөзен оқиғасында қыз-келіншектер, әйелдер бастарына таққан орамалдарын тастап, ер азаматтарды үлкен қан төгіске апармауға тоқтау болды. Бұл оқиға БАҚ-та айтылды, куәгерлері де бар.
Одан бөлек, 70-жылдары шыққан Қыз Жібек фильмінде Төлеген мен Бекежанның жекпе-жегін көрсетеді. Сонда Жібек орамалын тастап екі жігітті сабырға шақырады. Фильмде осы көріністі өте әсерлі көрсеткен.
Әсіресе, Қостанай облысына беделді Кәмшат Дөненбаева ел арасында сыйлы болған. Осы кісіге қатысты да дауды ормалын тастап шешкені жайлы деректерді естігенім бар.

Қазақ қызды дауды тоқтату "құралы" ретінде пайдаланған
Екі рулы елді татуластыру үшін қыз беру қазақ халқында мәселе шешкен. Соғысты тоқтату құралы ретінде қолданғаны рас.
Деректерде, Әбілқайыр хан жетпіс немересін өзі үйлендіріп, тұрмысқа берген екен. Мұның өзі үлкен саясат. Ары қарай күшін мықтай түсу үшін құдалық мәселелерін қарастырып отырған.
Жеті жарғы, Қасым ханның қасқа жолында Жер дауы мен Жесір дауы екі үлкен мәселесі бар. Заңдар жүйесінде Жесір дауы өте өзекті болған. "Ауру астан, дау қарындастан" деген тіркестен-ақ байқауға болады.

1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында қыз балалардың үлесі көп болғанын атап өткен жөн. Алаңға шыққан 20 мың жастың тең жартысы қыздар болған. Тәуелсіздік алуға, қазақ мемлекетін құруға олар да өз септігін тигізді. Жыршы, қолбасшы, "Жеті жарғының" авторы ретінде танылған Қожаберген жырау өзінің "Елім-ай" жырында "Қыздарым, қарындастарым, қалмақты селебемен шап қырыңдар" деп жазған. Осы сөзінде біз оның қыздарға ер адаммен бірге қолдарыңа қару алып, елді қорғауға шақырып жатқанын көреміз.

Қазақ қоғамында әйел теңсіздігі болмаған

Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Хатыран қазақ тарихындағы беделді азаматшаларды заман туғызған адамдар, дейді.

"Ер адам сияқты мінезі бар, нақты шешім қабылдай алған қазақ әйелдерін бүгінде апа деп құрметтейміз. Әйел адамның орны өте жоғары. Ананы сыйлауға қазақ ерекше мән берген. Бұған қазақ жаратылған дүниені сыйлау тұрғысынан келген. Дау арасында әйел жол тауып кеткен мысалдар көп болған. Бұл таза қазақи мінезі. Әйел адамға жүгінбейтін халықтар да бар", - дейді ол.

Кей мәселелерде, тығырыққа тірелген кезде әйел адамның жол тауып кететіні аңыздарда, деректерде айтылады, дейді ғалым.

Айтуынша, қазақ қоғамында әйел теңсіздігі мәселесі болмаған.

"Бұл Алаш қозғалысы кезінде пайда болған ұғым. Қазақ ер азаматпен әйелді бірдей көрген. Гендерлік саясат қазақ тарихында болмаған нәрсе. Әрине, қазақ қоғамында еркектің артықшылығы қалай да бар. Таққа де тек ер адам отыратын болған", - дейді ол.

Кеңестік Қазақстан кезіндегі батыр қазақ әйелдері

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері Болат Сайлан Ұлы Отан соғысы кезінде танылған, беделге ие болған қазақтың батыр қыздары туралы айтып берді.

"Ұлы Отан соғысында Шығыстың қос жұлдызына айналған батыр қыздар бар. Оның алғашқысы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованы айтуға болады. Ол 1925 жылы 25 қазанда дүниеге келген. 4-5 ай бүрын Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы аталып өтті. Қазақ батыр қызы жастайынан анасынан айырылып, әжесінің қолында тәрбиеленген. Алматы қаласында тұрған. Молдағұловтар отбасы Мәскеуге, соғыс алдында Санкт-Петербург қаласына көшті. Ол жақта жүріп, балалар үйінде тәрбиеленді. 1942 жылы КСРО халық комисариатының бұйрығымен мергендер мектебі құрылған.

Әлия осы мектепте оқып, мерген атанады. Курсант бола жүріп, Ұлы Отан соғысына қатысты. Қазақтың батырлық қасиеті ата-бабаларынан Әлияға да дарыды. Өйткені ол мергендік мектебін бітіріп, соғыста бірқатар ерлік көрсетті. Қаншама жаудың көзін жойды, жастайынан жауға қарсы шыққан ержүрек қазақтың қызы. Қан майданда соғыста жүріп ӘЛия 1944 жылы жауынгерлермен айқаста ерлікпен көз жұмды. Ол жауына қырғидай тиген мергенші атанды. Әлия Молдағұлова ерлігі ол қазақ тапқан соң жоғары бағаланып 1944 жылы 4 маусымда Кеңес Одағы атағы беріледі", - дейді тарихшы.

Әлия Молдағұлова туралы жазылған кітаптар, естеліктер, фильмдер бар, Әлия қаза тапқан Ресейдегі Песков облысында кешен, Қазақстан мен Ресейде бірнеше көше аттары, ескерткіштер бой көтерді, қазақ тілді бірнеше мектеп ашылды, дейді ол.

Қазақ тарихында Әлия Молдағұлова батырлығымен есте қалған ел ішінде ерекшеленіп аталатын қазақ қызы деуімізге болады.

Ұлы Отан соғысында қаһармандық танытқан қазақтың тағы бір қызы - Мәншүк Маметова.

"Оның шын аты - Мәнсия. Батыс Қазақстан облысының тумасы, 1922 жылы дүниеге келген. Ол да ата-анасынан ерте айырылып, балалық шағын Алматыда өткізген. Ұлы Отан соғысы басталғанда қазіргі Алматы Медициналық академиясында оқыған. 1942 жылы тамызда өз еркімен қызыл армия қатарына алынады, 21-атқыштар дивизиясы құрамында ұрысқа қатысады. Мәншүк Маметова мергендігімен, батылдығымен көзге түседі. Әсіресе, Ресейдің Невель қаласы үшін болған шешуші ұрыста Мәншүк қаһармандықпен қаза табады. Мәншүк Маметоваға осы ерлгі үшін Кеңес Одағы батыры атағы беріледі. Қазір Қазақстанда, Ресейдің бірнеше қалаларында батыр қыздың атына көшелер, мектептер бар. Невель қаласында зираты бар. Қазақ қыздарының ерлігі Ұлы Отан соғысы кезінде ешкімнен кем түскен жоқ", - дейді ол.

1943 жылы Мәншүкі Маметоваға Кеңес Одағы батыры атағын алуға Мәлік Ғабдуллин әсерін тигізді.

"Қазақ халқында батыр қыздары көп. Ұлы Отан соғысы кезінде батыр атағын алмаған қазақ қыздарының ішінде Хиуаз Доспанованы айтуға болады. 1922 жылы Атырау облысында туған. Ол аэроклубтарда ұшқыш білімін алады. Соғыс жылдарында Марина Раскова құрған авиацияға Хиуаз Досанова кіреді. Бар жоғы 150 см бойымен аталған авиацияның ұшқышына айналады. Раскованың ұшқыштарын "түнгі мыстандар" деп атаған. Әуеге бірнеше рет көтерілген әйелдерге батыр атағын беріп жатты, бірақ Хиуаз Доспанова бұл атақтан шет қалды. Шындығында ол әуеге 300 рет көтерілген екен. Яғни әуеге қаншама рет көтеріліп, жау шебін бұзуға қатысқан адам. Соғыстан екінші топ мүгедегі болып оралды. Көзі тірісінде Кеңес Одағы батыры атағына ала алмағанмен, Тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы наградасы Халық Қаһарманы атағын алды. Мұны сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев 2004 жылы берген еді. 2008 жылы 26 мамырда дүниеден өтті.

Хиуаз Доспанова апамыздың ерлігі ел есінде қалған батыр қыздардың бірі. Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ ерлері мен қыздарының барлығы батыр атағын алмаса да, тарихымызда аттары аталып, есімдері ерекшеленеді. Осындай жаужүрек қыздарымыз көп болғанын ауыз толтырып мақтап айта аламыз", - дейді Болат Сайлан.
08 наурыз 2021 ж. 9 229 0