Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басқарудың жаңа моделі енеді

Басқарудың жаңа моделі енеді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ҮІІ шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашып, халық қалаулыларын сайлаудың аяқталуымен құттықтап, жаңа құрамдағы Мәжіліс депутаттарына табыс тіледі.

Бірінші сессияда сөз сөйлеген Президент Қазақстанды қуатты елге айналдыру ортақ мақсатына біріккен мемлекетіміздің алдында сынақтар мен сын-қатерлер аз болмайтынын айтты. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетіні баяндалды. Соның негізгісі – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру.

Барлық салада дәйекті өзгеріс болатыны заңдылық. Өзекті міндеттің бірі – Мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізу. Бұл бағыт бойынша мемлекеттік аппаратты жаңғырту, цифрландыру негізге алынады. Ел Президенті назарға алған жеті басымдықтың қатарына тиімді әлеуметтік саясат, ұлттық экономиканың өсімі, аумақ пен кеңістік тұрғысынан еліміздің теңгерімді дамуы, саяси жаңғыру, жастар саясаты, қайырымдылық іс-шараларына жұмылу секілді әлеуметтік маңызы жоғары мәселелерді енгізді.

Осындай бастамаларды ұсынған ел Президенті қоғамдағы барлық мәселелер ең бірінші Парламентте талқылануы тиіс деді. Заң жобаларын әзірлеу ісіне қоғам өкілдері мен сарапшылар атсалысып, тиімді кері байланыс орнату талабы қойылды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халықтың биліктен тек қана оң өзгерістер күтетінін және шешім қабылдауда барынша жауапкершілікте болу қажеттігін айтты.

Қазақстанның болашағы үшін бір кісідей жұмыла жұмыс істеу – жарқын болашаққа жасалған нақты қадам.

Ұмытпас БАЙДӘУЛЕТОВ,
мемлекеттік қызмет
саласының ардагері

16 қаңтар 2021 ж. 344 0