Зейнеткерге лайықты қызмет
Осы жылы ең төмен зейнетақы мөлшері 36 мың теңге болды. Қазақстанда зейнетақының ең төмен базалық мөлшерін 120 мыңнан аса зейнеткер алады. Мұндай қаржыға өмір сүріп жатқандар бар. Дегенмен нарық заманында қосымша жұмыс істеуді жөн көретіндер жоқ емес. Baribar.kz зейнеткерлерге істеуге болатын 7 жұмыс түрін ұсынады.
Репетитор
Жас кезінде педагог болған зейнеткер өзі сабақ берген пәні бойынша репетитор бола алады. Мұның мектепте немесе басқа оқу орнында сабақ беруден айырмашылығы – жұмыс режимінде. Репетитор болса, жұмыс уақытын икемдеп, оқушы санына байланысты күніне үш-төрт сағат жұмсауға болады. Мұндай қызметте қағазбастылық та болмайды. Әрі жалақыны сабақ өткізген сағатына байланысты алады.
Күзетші
Жұмыс берушілер көпқабатты үйлер мен кәсіпорын ғимаратын күзетуді зейнеткерлерге сеніп тапсырады. Ол үшін қызметкерде тәртіпсіздік орнаса, оны қалпына келтіретіндей күш немесе тәжірибе болуы керек. Мұндай жұмысты көбіне толық жұмыс күні және ауысыммен атқаруға болады. Айлығы 40 мың теңгеден жоғары.
Үй қызметшісі
Бұл жұмысты берушілер де жасқа қарамайды. Ол үшін тек физикалық күш қажет. Әдетте үй қызметшісінің міндетіне тамақ пісіру, киім жуу, үй талазау, кейде үй жануарын серуендету мен бала бағу кіреді. Оны алдын ала жұмыс берушімен келісіп алған жөн. Үй иесі көбіне жататын орын да ұсынуы мүмкін. Айлығы 70 мың теңгеден жоғары болады.
Терімші немесе компьютермен жұмыс
Қазір көп жұмыс компьютерсіз іске аспайды. Ал жаңа заманның техникасымен жұмыс істей алатын зейнеткерлерге сұраныс жоғары. Егде жастағы адамдар үшін компьютермен атқарылатын жұмыстар өте көп. Мысалы, терімші, аудармашы, call-оператор және тағы басқа. Бұл қызметтерге ұсынылатын жалақы да аз болмайды.
Көлік жүргізушісі
Көлік жүргізу құжаты бар зейнеткер жұмысты оңай тауып алады. Себебі бұл қызметті көбіне жасы үлкен адамдарға сеніп тапсырады. Зейнеткердің жеке көлігі болса, такси қызметін атқарып, жалдамалы көлік жүргізушісінің жалақысынан да көбірек табуға болады. Жұмыс режимі жарты күн немесе икемді жұмыс кестесін құруға болады. Жұмыс берушілер 60 мың теңгеден жоғары айлық ұсынады.
Қойма операторы
Бұл қызметте зейнеткер тауарды қоймаға қабылдап, бағасын тексереді және күзетеді. Қызметкерге фирмаға және атқаратын жұмысқа қатысты әртүрлі жалақы ұсынады. Әдетте жұмыс режимі толық жұмыс күні және ауысыммен болады.
Сатушы
Кей жұмыс беруші сатушы қызметіне арнайы зейнеткерлерді іздейді. Себебі оларды тұрақты әрі сенімді болады деп есептейді. Оның жалақысы да әртүрлі.