Қазақстанда қаңтарда 107 млрд теңгенің түсті металдары өндірілді
Қазақстанда қаңтар айында ғана 107 млрд теңге болатын түсті метал кені өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Finprom.kz-ке сілтеме жасап.
«2019 жылдың қаңтар айында түсті метал кенін өндіру көлемі 107 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 25,2 пайызға артық. Бұл соңғы жылдары тіркелген ең ауқымды көрсеткіш екенін атап өту керек. 2018 жылы ғана аталмыш кен өндірісі 33,2 пайыздық өсіммен 85,5 млрд теңгені көрсеткен болатын», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 2018 жылдың 12 айында мыс өндірісі 103,2 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың көрсеткішінен 8,2 пайыз артық болған. Сол секілді өткен жылы 12,9 млн тонна мыс концентраттары (+15,7 пайыздық өсім), 4,8 млн тонна мысты-мырышты кен (-4,2 пайызға кеміген), 580,6 мың тонна мыс концентратындағы мыс (+15,5 пайыздық өсім) өндірілген.
Қазақстандық мыстың негізгі тұтынушылары - Азия мен ТМД елдері. 2018 жылдың 12 айының ішінде рафинатталған мыстың және өңделмеген мыс қорытпаларының экспорт көлемі 2,4 млрд долларға жеткен. Жалпы, 2018 жылдың 9 айында метал кендеріне тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 368,2 млн долларды құраған.