Зейнетақы жүйесінің тиімділігі артады
Тиімді зейнетақы жүйесін құру, әрбір азаматын қартайған шағында бейнетінің өтеуімен қамтамасыз ету – кез келген мемлекет үшін басты міндеттердің бірі. Зейнетақы, зейнетақы жүйесі туралы мәселе – көпшілікке ортақ тақырып. Сондықтан аталған сала бағытындағы өзгеріс пен жаңашылдыққа кез келген адам елең ете қалатыны бар. Тақырып төңірегінде толық ақпарат алу үшін «БЖЗҚ» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалының операциялық бөлімінің Тереңөзек кентіндегі қашықтан қызмет көрсету орталығының жетекші маманы Есниязова Ләйла Айыпқызымен сұхбаттасып, көпшілік көкейіндегі сұрақтарды жолдаған болатынбыз.
– Ләйла Айыпқызы, алғашқы сұрақты зейнетақы қорындағы жинақтан бастасақ. Көпшілікті «БЖЗҚ-дан зейнетақы жинағымды бір рет біржолата алуға бола ма?» деген сұрақ мазалайды. Осы мәселе туралы толықтыра жауап берсеңіз?
– Жеке тұлғалардың зейнетақы активтеріне құқықтары Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 50-бабына сәйкес, Заңда көзделген заттық құқықтар санатына жатады. Сондай-ақ тек Заңда айқындалған мақсаттарға пайдаланылуы мүмкін. Оның ішінде зейнетақы төлемдерін, біржолғы зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында жүзеге асыруға ғана пайдалануға болады.
Жеке және заңды тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтеріне құқықтар Заңда көзделген заттық құқықтар санатына жатады.
Заңның ережелеріне сәйкес БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан белгіленген кесте бойынша ай сайынғы зейнетақы төлемдері немесе зейнетақы жинақтары есебінен зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымынан төленетін сақтандыру төлемдері түрінде, сондай-ақ, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдері түрінде жүзеге асырылады.
Бұл ретте, егер зейнетақы жинақтарының сомасы БЖЗҚ-дан зейнет жасына толуына немесе мерзімсіз уақытқа 1 және 2 топ мүгедектігінің белгіленуіне байланысты алушының төлем алуға өтініш берген күніне тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда бір рет, біржолата төленеді. Айта кетейік, 2023 жылы бұл сома 636 912 теңгені құрайды. Мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар да зейнетақы төлемдерін зейнет жасына толғанға дейін кесте бойынша ала бастайды.
БЖЗҚ-дан біржолғы зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және белгілі мерзімдерде жүзеге асырылады. БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бір мезгілде жүзеге асырылады.
– БЖЗҚ-дан қайтыс болған салымшыны жерлеуге арналған төлемді алуға болады деп естіген едім. Ол үшін не қажет?
– Заңның ережелеріне сәйкес алушы, сондай-ақ, зейнетақы жинақтары бар және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ-дан тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде, бірақ ЖЗШ-да бар қаражаттан аспайтын көлемдегі жерлеуге біржолғы төлем төленеді. 2023 жылы бұл сома 180 780 теңгеге тең.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтарының қалдығы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құраса, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді. 2023 жылы бұл сома 53 076 теңгеге тең.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының ЖЗШ-да зейнетақы жинақтары қалса, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.
– Жұмысқа жарамды, бірақ уақытша жұмыссыз адам БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын аударып отыра алады ма?
– Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін беру кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ретінде міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезең де есептеледі. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлерді, жеке тәжірибемен айналысатын адамдарды, шаруашылық серіктестігінің құрылтайшыларын, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру жөніндегі қызметті мемлекеттік тіркеусіз табыс алу мақсатында дербес жүзеге асыратын жеке тұлғалар, өндірістік кооператив мүшелері өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға немесе тәуелсіз қызметкерлерге жатады. Басқаша айтқанда, бұл жұмыс берушілермен ресми түрде жасалған еңбек шартынсыз өмір сүретіндер. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар МЗЖ-ны бірыңғай жиынтық төлем құрамында өз пайдасына аудара алады.
Кәсіпкерлік қызметті жеке кәсіпкер ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын, бірыңғай жиынтық төлемді төлейтін, жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын, тек қана салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға қызметтер көрсететін жеке тұлғалар БЖТ төлеушілер деп танылады.
Бұл ретте Салық кодексінің 774-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алынатын БЖТ төлеушінің табыс мөлшері күнтізбелік жыл ішінде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 1175 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Негізінен, БЖТ мөлшері республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда, астанада тұратын жеке тұлғалар үшін 1 АЕК (2023 жылы 3 450,00 теңге), ал басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін 0,5 АЕК-ке (2023 жылы 1 725,00 теңге) тең.
– Өзге адамдарды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлерге өз қызметкерлері үшін төлейтін салық пен басқа міндетті төлемдер жеңілдетіледі ме?
– 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірыңғай төлем енгізілді. Салық кодексі «Бірыңғай төлем» бөлімімен толықтырылды. Салық кодексінің 776-1-бабына сәйкес бірыңғай төлемге жеке табыс салығының төленуге тиіс сомалары, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, жарналар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар енгізіледі.
Бірыңғай төлемді енгізу АСР бойынша жұмыс істейтін микро және шағын бизнес өкілдеріне салықтарды және қызметкерлердің кірістерінен басқа да міндетті төлемдерді төлеуді жеңілдетуі тиіс. Ол енді бір төлеммен жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, тағы бір артықшылық – бұл төлемнің жалпы сомасы бөлек төлемге қарағанда аз.
Сонымен қатар, салық агенті тиісті декларацияда төлем көзінен салық салуға жататын қызметкерлердің табыстарына салық салудың бірыңғай тәртібін дербес айқындайды. Бастапқы немесе кезекті декларацияда төлем көзінен салық салуға жататын қызметкерлердің табыстарына салық салудың таңдалған тәртібі салық кезеңі ішінде өзгертілмейді.
– Қаңтар айынан бастап зейнетақы төлемі артты. Осы ретте зейнетақы төлемдері қайта есептелген бе және қалай есептелетіні туралы айтып берсеңіз?
– Иә, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан өткен жылғы зейнетақы төлемдері 5%-ға индекстелді. Қордан берілетін зейнетақы төлемдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысымен бекітілген Әдістемеге сәйкес есептеледі.
Әдістемеге сәйкес, зейнетақы төлемдерін алудың бірінші жылында зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарының 6,5% төлем мөлшерлемесіне көбейтіледі және 12-ге бөлінеді. Белгілі бір санаттағы алушылар үшін Әдістемеде түзету коэффициенттері көзделген. Әрбір келесі жыл сайын ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне, яғни 5% ұлғаяды.
Бұл ретте БЖЗҚ-дан ай сайынғы зейнетақы төлемі республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70% мөлшерінде жүзеге асырылады. 2023 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрады. Тиісінше, ағымдағы жылдың басынан бастап Қордан ең төменгі төлем мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 8,5%-ға ұлғайды және 28 396,9 теңгені құрады.
БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған тұлғалар бойынша зейнетақы төлемдері республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақының кемінде отыз еселенген мөлшерінде (2023 жылы 30 х 53 076 = 1 592 280 теңге) бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады. Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері ЖЗШ-дағы зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты ортақ зейнетақыны есептеу өзгерді. Енді жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың шамасы 55 АЕК-ті құрайды. Бұл ретте, егер 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан, бұрын Мемлекеттік корпорацияға зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ұсынылған кез келген үш жыл қатарынан орташа айлық табыс 46 АЕК-тен жоғары болса, қазірде зейнеткер ретінде зейнетақы алып отырған жандар үшін ортақ зейнетақыны қайта есептеу жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ұлғайтылды. Ол биыл 24 341 теңгеге тең. Нәтижесінде 2023 жылдың басынан бастап қазақстандықтардың зейнетақысының жиынтық мөлшері ұлғайды.
– Арнайы уақыт бөліп, көкейдегі сұрақтарға ұтымды жауап бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан А.МҰХАНБЕТҚАЛИ