Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2024 жылы қаңтарда 6,5 млн баланың шотына ұлттық қордан қаражат аударыла бастайды

2024 жылы қаңтарда 6,5 млн баланың шотына ұлттық қордан қаражат аударыла бастайды

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Алматыда журналистерге баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикер «Балаларға арналған ұлттық қордың» қашан өз жұмысын бастайтынын мәлімдеді.

«Қазақстанда қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 6,5 млн-нан астам бала бар. Олардың өздерінің арнайы шоты болуы керек. Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта олардың арнайы шоты ашылады. Бұл шотқа жыл сайын қаражат түсіп отыруы керек. Бала 18 жасқа толғанға дейін ол қаржыны алуына мұмкіндік болмайды. 18-ге толғанда бала ол қаржыны үйіне немесе оқуына жұмсауға мүмкіндік алады. Қазір біз «Балаларға арналған ұлттық қордың» концепциясын әзірлеу үстіндеміз. Тапсырма бойынша ол 2024 жылдың 1 қаңтарында жұмысын бастауы тиіс», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Ол журналистерге «Е-Salyq-Azamat» және «E-Salyq Business» мобильді қосымшалары туралы айтып берді.

«Е-Salyq-Azamat» мобильді қосымшасы азаматтарға арналған болса, «E-Salyq Business» қосымшасы жеке кәсіпкерлерге арналған. Сіздер осы екі қосымша арқылы салық міндеттемесін орындай аласыз. Ол үшін жеке шотыңызды салық төлеушінің жеке кабинетіне қосуыңыз керек. Оның ішінде өтініштер, жазбаша өтініш, қоңыраулар бар. Сіз осының бәрін сонда жасай аласыз және ол жылдам орындалады. Егер сізде артық төлем немесе қарыз бойынша мәселелер болса, ол жерден кеңестер ала аласыз», - деді вице-министр.

Ол сондай-ақ қандай да бір бизнес өкілінде немесе азаматта аудитқа қатысты мәселе туындаса, ол Қаржы министрлігінің жергілікті мелмекеттік ішкі аудит департаментіне арыздануына болатынын айтты.

Себебі, бұл арыз арқылы жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

Ерұлан Жамаубаев азаматтардың банкроттығы туралы заң жобасы әзірленгенін атап өтті.

«Қазір бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылды. Заң жобасында қарызын, несиесін өтей алмай жүрген азаматтардың жағдайын оңалту мәселесі қаралған. Біз қазір көп азаматтың банкте несиесі бар екенін, оларды жаба алмай жүргенін, банктік емес қаржы ұйымдарының алдында қарызы бар екенін жақсы білеміз. Осыны ескере келе осындай заң жобасын әзірледік», - деді вице-министр.

Оның айтуынша Қаржы министрлігінде 15 мың адам жұмыс істейді.

«Олар көбіне тікелей өзінің басшыларын ғана көреді. Ал вице-министр мен аппарат басшысын күнде көре бермейді. Оны жақсы білеміз, себебі, бәріміз қызметті төменгі сатыдан бастағанбыз. Қазір біздің алға қойған міндетіміз - Президент тапсырмасы бойынша халыққа құлақ асатын мемлекет құру және халықпен ашық түрде жұмыс істеу», - деді ол.

Вице-министр Алматы кәсіпкерлерінің өзекті мәселелеріне тоқталды.

«Бүгін біз қаланы араладық. Біраз нысандарға бардық. Халықпен кездестік. Өте көп сұрақтар қойылды. Әсіресе, кәсіпкерлер «Салық кодексі, Сатып алу туралы заңға көп өзгерістер енгізіле бермесе, осыған қатысты түсінікті жүйелі бір саясат болса» деген ұсыныс айтты, сондай-ақ, қала ішінде кәсіппен айналысуға орын тапшы екенін, көпшілігі қала сыртынан бизнес ашқанын айтты. Осы орайда айта кетейін, мен апта сайын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен және бизнес өкілдерімен кездесіп отырамын. Олардың қандай мәселелері бар екенін апта сайын талқылаймыз, оларды шешу жолдарына көңіл аударып келеміз», - деді ол.
08 қазан 2022 ж. 257 0