Қазақстанда 2025 жылға дейін 19 СЭС салынады
2025 жылға дейін Қазақстанда 19 су электр стансасы салынады. ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта республикада белгіленген қуаты 2065 МВт болатын 136 жаңартылатын энергия көзінің объектісі жұмыс істейді. Оның ішінде қуаты 684 МВт болатын 40 жел электр нысаны, 1093 МВт электр өндіретін 51 күн электр нысаны, жиынтық қуаты 280 МВт болатын 40 су электр нысаны, 8 МВт энергия өндіретін 5 биоэлектростанция бар. 2021 жылы жалпы қуаты 393 МВт болатын 19 нысан пайдалануға берілді. 2022 жылғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша жаңартылатын энергетика объектілері өндірген электр қуатының көлемі - 933,07 млн кВт/с», - деп жазылған жауапта.
Болат Ақшолақов жолдаған жауапқа қарағанда, 2025 жылға дейін қуаты 1074 МВт болатын 53 жаңартылатын энергия көзінің жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде қуаты 129,77 МВт болатын 19 су электр станциясын, 812,39 МВт қуат өнідертін 23 жел электр станциясын, 116,95 МВт энергия шығаратын 7 күн электр станциясын, 15,35 МВт энергия беретін 4 биоэлектр станциясын салу көзделген.
«Аталған жобаларды іске асыру шеңберінде шамамен 600 млрд теңге инвестиция тартылады. Соның арқасында қосымша 3,5 млрд кВт/сағ жасыл энергия өндіріп, 6 000 уақытша және 600 тұрақты жұмыс орындарын құруға болады. Биыл жалпы қуаты 290,6 МВт болатын жаңартылатын энергия көзінің 10 объектісін іске асыру жоспарланып отыр», - деп жазады министр.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметі бойынша, кейінгі бес жылда электр энергиясын тұтыну көлемі 27 пайыз артқан. Сондай-ақ, Дүниежүзілік банк Қазақстанның энергия жүйесіне аудит жүргізуге грант бөлді.