Англияның солтүстік-батысында су шлангтарын қолдануға тыйым салынды
Мемлекеттің солтүстік-батысында су шлангтарын пайдалануғы тыйым салынғандықтан, миллиондаған адам оның кері әсерін сезінуі мүмкін, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі The Independent басылымына сілтеме жасап.
United Utilities ұйымының хабарлауынша, су шлангтары арқылы сағатына 540 литр су жұмсалады екен.
Англияның солтүстік-батысында мұндай тыйымды сумен қамту компаниясы енгізіп отыр. Бұл жаз уақытында, әсіресе ыстық ауа райында миллиондаған адамға кері әсерін тигізуі мүмкін.
United Utilities компаниясы Англияның бірнеше аудандарында су шлангтарын қолдануға салынған тыйым өз күшіне 5 тамыздан бастап енетінін хабарлады. Бұл тыйым жеті миллион адамға әсер етуі мүмкін деп болжанып отыр.
Жақында Солтүстік Иирландия да осыған ұқсас заң қабылдаған болатын. Оны мемлекеттің NI Water компаниясы енгізген еді.
Енді Англияның солтүстік-батысындағы және Солтүстік Ирландияның аталған компания қызмет көрсететін жерлерінде халық су шлангтарын пайдалана алмайды, сонымен қатар жекеменшік бау-бақшада да, автокөлік жуу ісінде де шлангтарды пайдалануға тыйым салынып отыр.
Компания осы әдіс арқылы халықты суды үнемдеп жұмсауға итермелемекші. Бұрын да белгілі бір әрекеттер атқарылғанымен, енді компания шлангтарға тыйым салу секілді қатал талаптарға көшті.
Коммуналды қызметтегі сумен қамту қызметінің директоры Мартин Пэдлидің айтуынша, жауын-шашын мөлшерінің көптігіне қарамастан, шілденің соңында ауа райы қатты ысиды.
«Бұл тыйым уақытша ғана болады. Біз бұл шешімді ойланбастан қабылдай салған жоқпыз. Егер 5 тамызға дейін қатты жауын-шашын болмаса, бұл шектеу арқылы судың негізгі көзін қорғап қала аламыз», - дейді Мартин Пэдлин.Компания суды сақтап қалу үшін басқа да әдістерге жүгінеді.
Water Industry Research ұйымының зерттеулеріне сенсек, шлангты пайдалануға тыйым салу суды тұтынуды 5-10%-ға азайта алады. Мемлекеттің солтүстік-батысында осылайша үнемделген су мөлшері шамамен күніне 100 миллион литр суды құрайды деп күтілуде.
Халық көлікті шелекке су құю арқылы жуып, бау-бақшасын қолмен суаруларына тура келеді. Себебі осы күнге дейін белгілі болғандай, шланг арқылы күніне 540 литр су жұмсалады. Бұл бір күнде төрт адамға кететін су мөлшерін құрайды. Ал шлангты кейде ашық қалдыру бір отбасын бір апта қамтуға қажетті суды шығындайды.
Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек