Ай алқызыл түске боялды
Жер бетіндегі фотографтардың барлығы көктемгі толған айдың теңдессіз көрінісін камераға түсіру үшін бұл сәтті асыға күтті. Алайда астрологтар бұл әсемдіктің артында жағымсыз құбылыстар да тұрғанын айтады, деп жазады sputnik.kz.
Сәуірдің соңғы күндерінде Ай біздің ғаламшарға барынша қатты жақындады. Астрологтар мұндай құбылыс адамдардың көңіл-күйі мен денсаулығына әсер ететінін айтады.
27 сәуірде Жердің табиғи серігі біздің ғаламшардан 357 615 километр қашықтықта тұрды. Аспандағы алып "шамшырақ" пен Жер арасының осыншалық жақын болуы гравитациялық ықпалды күшейтеді, жер сілкінісі, су тасқыны, жанартаудың атқылауы, үлкен техногенді апаттардың туындауына себепші болады.
Еске салсақ, 22 сәуірде Чилиде жер сілкінісі болды, ал 18 сәуірде Жапонияда, Тайваньда, Иранда, Мьянмада жер дүмпуі тіркелді. 17 сәуірде Греция мен Камчаткада табиғи апат болды.
Бұл құбылыс жарты айға жуық уақыттан бері ғаламшардағы оқыс оқиғалардың себепшісіне айналды. Сондықтан ғалымдар Айдың Жерге ықпалын зерттеп жатқан шақта астрологтар адамдардың осы уақытта жағымсыз ойлардан арылып, өз іс-әрекеті мен ниет-армандарын оң бағытқа бұруға кеңес беруде.
Қалай болғанда да айдың шар тәрізді дөңгеленіп, әдеттегіден ерекше жарқырай түсуі және алқызыл түске боялуы көз тоймас сұлу көрініске айналды. Ғылым тұрғысынан алғанда бұл құбылыс жаңа айдың немесе ай толуының перигеймен, яғни Жер мен Айдың бір-біріне барынша жақындай түсуімен тұспа-тұс келуі. Мұны ғылым тілінде "суперай" (ағылшын тілінде – "Supermoon") деп атайды.