Теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты
Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Тереңөзек кентіндегі теміржол вокзалы ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары құрылыс жұмыстарының сапасын назарда ұстау қажеттігін атап өтіп, мердігер мекемеге нысанның құрылысын одан әрі жеделдету, мерзімінде аяқтау, аумақты абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымдарды толық қамту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда вокзал ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс алаңында қажетті техника мен жұмыс күші жеткілікті, құрылысшылар ғимараттың қабырғасын қалау жұмыстарын аяқтауда.
Аталған жоба аудан тұрғындары үшін маңызды болып табылады. Себебі аудан аумағынан өтетін 46 шақырымдық теміржол желісі халықтың еркін қатынауына мүмкіндік береді. Жаңа вокзалдың пайдалануға берілуі жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде Тереңөзек кентінің инфрақұрылымдық дамуына серпін бермек.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі










