Тапсырмалардың орындалуы тұрақты бақылауда
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмаларының орындалуы мен “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясының жүзеге асырылу барысын қадағалау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанды аралады. Аралауға облыстық мәслихат төрағасы, облыс әкімінің орынбасарлары мен қала әкімі барды.
Өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл акцияның туған жердің табиғатын, қоршаған ортаны қорғауға жұртшылықты жұмылдырудағы маңызын ерекше атап өту керек. Осы уақыт аралығында барлық елді мекенде үлкен-кіші түгел атсалысқан санитарлық тазарту, абаттандыру және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Президент бастамасына еріктілер, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері біркісідей қолдау білдіріп, 9 мың тоннадан астам қоқыс қалдығы шығарылды. Елді мекендердегі скверлер мен парктер, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік, өнеркәсіп және бизнес нысандары, су айдындары, аулалар мен көше бойы тазартылды. Оған 500-ден аса техника жұмылдырылды.
Экологиялық акцияның негізгі бағытының бірі көркейту-көгалдандыру болғандықтан, өңір климатына жерсінетін қарағаш, терек және Сыр талының 129 мыңнан астам көшеті егілді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жұмыстарды сапалы жүргізіп, тапсырманың орындалуын мұқият қадағалауды тапсырды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі