Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақмешітке Айтматов келген жыл

Ақмешітке Айтматов келген жыл

Шоң Шыңғыстың Сыр бойына да жолы түскен. Сол сапарға ол қазақтың Қалтайымен бірге келген. Дәлірек айтқанда, Алатау жақтан аттанған Қалағаңның қадірлі қонағы ретінде жанына еріп жүрген.

Шықаңның Қызылордаға арнайы ат басын тірейтіндей жөні бар. «Боранды бекеттегі» космодром маңындағы станцияның түп бейнесі – осы өңірдің елді мекені. Арал – Байқоңыр – Төретам үштігі арқылы ой-санада орныққан жиынтық қалашық Айтматовтың қаламгерлік шеберлігінің арқасында әлемге танылды. Дарияның өн бойына жағалай қонған темір жол бекеттерінің қай-қайсысынан да пойыздар батыстан шығысқа, шығыстан батысқа қарай ағылып жатады. Бұл өлкенің де Әбутәліптері мен Зәрипалары, Едігелері мен Қазанғаптары бар. Әрине, Еділбайлары мен Сәбитжандары да табылмай қалмайды. Шықаң өзін шыңға шығарған шығармасына дәл осы аймақты ғана арқау етіп алған деп мойынға қиып салу оңай болмас. Бірақ жер жүзіне даңқы жайылған ғарыш айлағының ғаламдық проблемасы «Боранды бекет» романының сюжеттерімен өзектес екені айдан анық. Сондықтан бұл өңірге шынар тектес Шыңғыс ықыластана келеді. Қуана жетеді. Көңілді жүреді. Жұртшылықпен жүздеседі. Кейіпкерлерімен кездеседі...

Ежелден тамырлас екі достың бірлесіп жазған «Көктөбедегі кездесу» атты пьесасы баршаға белгілі. Міне, енді сол екеуінің дария жағасындағы көне қаланы мекендейтін әріптестерінің арасына келіп, «Сыр бойындағы сырласу» сипатындағы әсерлі әңгімеге кіріскен шағы. Екеуі де жап-жас.

Сырлы сұхбат шарықтау шегіне жетіп, көрнекті қаламгер Адамзаттың Айтматовынан Ақмешіттің Айтматовына айналып бара жатқан тұста сол маңда тұрған фототілші Болат Омарәлиев оңтайлы сәтті қалт жібермей, «шиті мылтығының» шүріппесін шырт еткізіп басып үлгерген ғой... Сол сурет міне, осы...

Бауыржан Омарұлы
27 қыркүйек 2022 ж. 339 0