Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өмірді өрнектеген өлеңменен

Өмірді өрнектеген өлеңменен

Поэзия кешінің ауданда ұйымдастырылмағанына да біраз уақыт болды. Бұл ақын­дар мен жазушылардың киелі қарашаңырағы саналатын аудандық кітапхана жұмы­сына қарата айтылатын, жазылатын тікелей сын. Ақындармен, оның ішінде тек жер­гілікті ақындармен ғана оқта-текте жарты сағаттық кездесу өткізумен шектелетін аудандық кітапхана поэзия кештерін ұйымдастыруды қолға алмаған соң ерікті жас­тар белсенділік танытып, сырбойылық ақындардың басын біріктіріп, әдеби-мәдени іс-шара ұйымдастырды.

Сырдария аудандық жастар ресурс­тық орталығы бас­тамашы болған әде­би-мәдени іс-шараның аты аудан­дық болғанымен заты облыстық дең­гей­де өтті. Өлең өлкесінде өзіндік өрнегін қа­лыптастырып, оқырманмен жыр тілін­де сырласып жүрген Ақжол Түмен­бай, Айдар Сайлау, Әл-Фараби Бекарыс­ұлы, Жанар Бимұратқызы, Гүлзада Есмаханова, Ақгүл Абдрасул бастаған қы­зылордалық ақындарды аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев күтіп алып, құрмет көрсетті. Аудан әкімдігінің алдына, бүгінде демалыс аймағына ай­налған орталық алаңға жиналған ақындар Тереңөзек кентінің келбетіне тамсанып, ауданның ажарын жырларына арқау етіп жатты. Бұл – нағыз шабытты шақтың шырағы жанған шуақты сәт еді.

Ұйымдастырушылар­дың ұтым­­ды жос­­пары негізінде ақын­­­­­­­дар «Парасат» алаңына барды. Мұн­да ауданнан шыққан қай­рат­кер-тұлғалардың ес­керт­­кіш-бюсті мен Рәміздер аллея­­сы ор­на­ласқан. Жас ақындар қабырғалы қалам­­гер Қалтай Мұхамеджанов пен Әбділда Тәжі­баевтың, ақиық ақын Асқар Тоқмағам­бетовтің ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойып, дарынды тұлғалардың рухына тағзым етті. Ақындарға аудан әкімінің орынбасары дариямен аттас киелі ауданның тағылымды тарихы, жетістіктері мен жоспарлары туралы айтып, кең көлемді мағлұматтар ұсынды. Өз кезегінде ақындар ескерткіш суретке түсіп, әдеби-мәдени іс-шара көтеріңкі көңіл-күйде басталды.

Мұнан соң жиналған көпшілік аудан­дық жастар ресурстық орталығына барды. Мұнда орталық жанынан кітап клубы ашылды. Кітап клубы туралы аудандық жас­тар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов айтып бірді.

– Сырдың әрбір азаматы өлең-сөзге жақын, ынталы, бейім келеді. Сондықтан бізге кітап оқу мәдениеті таңсық емес. Жақында кітап клубын ашу туралы идеяны талқылап, жақсы бір тоқтамға келдік. Бұл бастамамызға аудан әкімі мен аудандық мәслихат депутаттары қолдау білдірді. Жастармен ақылдаса келе клуб атауын «Кітап оқиық» деп қоюды жөн көрдік. Бұл атау бір жағынан көп­шілікті кітап оқуға шақырып тұрса, екінші жағынан кітап оқудың үлгілі іс екенін аңғартып тұр. Бүгіннің өзінде жас­тар өздері оқып болған жүзге жуық кітапты клубқа ұсынды. Бұл кітаптардың барлығы осы жерде сақталатын болады. Ерікті жастар клубқа келіп, кітаптарды алып, оқып болған соң қайтадан әкеліп береді. Осылайша, біз аудандық жастар ресурстық орталығының базасын жастар бас қосатын ордаға айналдырамыз, – де­ді орталық директоры.

Ауданда ұйымдастырылған іс-шараға сырбойылық жас ақындармен бірге облыс орта­лығындағы «Кітап құрт­тары» кітап клубының жетекшісі Талғат Меңдібай қатысты. Ол қала орталығынан бастау алған игі істің Сырдария ауданында жалғасып жатқанын жоғары ба­ғалады.

– Біз де кітап оқушыларға арналған клуб ашамыз деп жастар арасында тал­қылау жүргізгенімізде «Неге бұл жұ­мыс­пен кітапхана айналыспайды?» деген орынды сауал көтерілген болатын. Кітапханаға қазір барушылардың, жал­пы тұрақты оқырмандардың саны азайды. Бұған кітапханашылардың ескі жұмыс жүйесі әсер етті деп ойлаймын. Жастарға қазір жаңа идеялар мен тың көз­қарастар қызық. Сондықтан таптаурын бол­ған ойлардан арылатын уа­қыт келді. Ең бастысы, қазір кітап­ханалар ұйымдастыратын іс-шараларына қатысатын адам тап­пай жатса, біздің кітап клубы­мызда мұндай мәселе мүлдем жоқ. Сырдариядағы «Кі­тап оқиық» кітап клубының да жұ­мы­сы алдағы уақытта жанданады деп сене­мін. Жас­тарға сәт­тілік тілеймін, – деді Талғат Меңдібай.

Бұл күні ақындар ауданның бас ақы­ны, Қазақстанның құрметті журналисі Мұхтар Сақтаповқа сәлем беріп, батасын алды.

– Сырдария – ақынды ардақ­таған қасиетті жер. Бұл өлкеден небір таланттар түлеп ұшып, өздерінің дарындары арқылы мерейімізді үстем етіп жүр. Ке­зінде Асқар Тоқмағамбетов бастаған ақиық ақындар киелі өңірде бас қосып, халықты жырмен сусындататын еді. Сондай жыр кештеріне талай рет куә болып, өзіміз де дарынды ақындардың алдында өлең оқып, бата алғанбыз. Содан кейін өлең әлемінде өзіміздің орнымызды қалыптастыра бастадық. Міне, сол ізгі іс жалғасын тауып, жас ақындар ақиық ақынның ауылында жиналмақшы екенсіңдер. Жастардың бұл бастамасы – өте құптарлық іс. Өйткені, қазір жұртшылық өлеңді са­ғынып қалды. Сондықтан осындай поэзия кештері жиі ұйымдастырылып тұрса, халық та жырдан керемет рухани азық алары анық. Ауданға ат басын бұрғанда арнайы сә­лем бере келіпсіңдер. Қадамдарыңа құт бітсін, сапарларың сәтті болып, ел-ха­лықты жырмен сусындатып жүре бе­рің­дер, – деді ауданның бас ақыны.

Ардақты ардагер әдеби орта туралы қызықты естеліктерімен бөлісіп, ақындардың талабына сәттілік тіледі. Сөйтіп, бір күнде бірнеше тағылымды іс-шараға қатысқан сырбойылық ақындар мен сырдариялық жастар ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің есімі берілген ауылға бағыт алды. Ақындарды ауыл әкімі Ғабдолла Алданазаров пен ауыл­дағы №135 орта мектебінің директоры Нұрлан Құрманалиев күтіп алды. Білім ордасында арнайы әдеби сабақ ұйымдастырылды. Қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Гүлнәр Тәжімұратова ұйымдастырған әдеби ашық сабақта оқушылар ақиық ақын А.Тоқмағамбетовтің өлеңдері мен сықақтарынан үзінді оқыды. Сондай-ақ мысал­дарының желісінде қойылым көр­сетті.

Мек­тептегі іс-шарадан кей­ін ау­данға ат басын бұрған сыр­­­бойылық жас ақын­дар А.Тоқмағамбетов атындағы мұ­ра­­­жаймен таныс­ты. Мұражай жұмысы­мен өлке­танушы, «Сырдария ауданының Құр­­метті аза­маты» Жәнібек Маханбет та­ныс­тырып, тарихи тұлғаның өмірі мен шығар­машылығынан сыр шертетін кең көлемді мағ­лұматтармен бөлісті.

– Ауылға ақындар келе­ді деген сүйін­ші хабарды ес­тіп, қуанып, сіз­дер­ді зор риза­шылықпен күттік. Жақ­сы жыр­­ла­рыңызбен сырттай таныс­пыз. Сіздерді біздің ауылдан, жал­пы Сыр өңірінен шыққан дарынды ақын-жазушылардың талантты ізбасарлары деп санаймын. Талаптарыңыз оң болсын! Жыр әлемінде жұлдыздай жарқырап, жоғары белестерден көріне беріңіздер. Өлең деп самғаған қанат­тарыңыз еш­қашан талмасын, қаламдарыңыз мұқал­масын. Біздің ауылда сіздердің тұрақты оқырмандарыңыз көп екенін де айтқым келеді, – деді Жәнібек Асанұлы.

Мұнан соң Қаңлы Жүсіп, Асқар Тоқмағамбетов, Оразбек Бесбаев, Сейтмұрат Ембергенов секілді ақындар шыққан ауылдағы мәдениет үйінде поэзия кеші ұйымдастырылды. Поэзия кешін жергілікті ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы өлеңмен ашып, жыр­ға шөліркеген халыққа жырдан шуақ шашты.

«Өлеңмен өрнектеген тәтті өмірді,
Ауылға келді ақындар ақ көңілді.
Бүгін жыр төгіледі жүректерден,
Шабытпен көрсетеміз көпке үлгі.

Жырлайды...
Жас ақындар – ұлы ақындар,
Бәрі де – сұңқар, қыран, сұрапылдар!
Бәрінің өз орны бар поэзияда,
Бізге де сөздің реті бір артылар.

Жырында – өткен тарих, көшкен күндер,
Тыңдарман, бар ақынды дос көріңдер!
Бұл жерде Асқардайын ақын туған,
Ақынның ауылына қош кел­діңдер!» деп бастаған Ақтөре Ибрагимұлы бұл күн ауданға ақындар ат басын бұрып, ақиық ақын, сатира сардары Асқар Тоқмағамбетовтің кіндік қаны тамған ауылда оқырман қау­ым­мен кездесіп, жүз­десіп, өлең оқып, жырға шө­ліркеген жұрт­қа шабытпен шуақ шашатын күн еке­нін атап өтті. Өлең өлкесінде өзіндік өрнек пен қолтаңбасын қалдырып, із­деністі серік етіп жүрген ақындарды та­ныс­тырып, ақын мен оқырман сырласатын поэзия кешіне сәттілік тіледі.

Алдымен жергілікті ақын Бағдат ­Есназар бірқатар өлең­дерін оқыса, кейін Ақжол Түменбай, Айдар Сайлауов, Жанар Бимұратқызы, Гүлзада Есмаханова, Ақгүл Абдрасул жырдан шашу шашты. Өз кезегінде әнші-сазгер Әл-Фараби Бекарысұлы әсем ән­­дерді әуелете шырқады. Поэзия кешін жүргізген жер­­гілікті ақын А.Ибрагимұлы ауданнан шық­қан тарихи тұлғалар ту­ралы әңгімелеп, ауданның жетіс­тік­терін тілге тиек етті. Сонымен қа­тар поэзия кешін тамашалаған жұртшылық ақын­дарға алғысын білдірді. Атап айт­қанда, ауыл әкімі Ғ.Алданазаров, ау­дандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Смайлов, аудандық жастар ре­сурстық орталығының директоры Н.Абдрасилов, ардагер-ұстаз А.Нұртаева ақындарға ал­ғыс айтып, аудан әкімінің атынан «Арнасын жыр кернеген Сырдария» ат­ты аудиоантологияны табыстады.

Е.БЕРКІНБАЕВ
15 қазан 2022 ж. 217 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам