Әкімдік отырысы өтті

Мәжіліс басталмас бұрын аудан басшысы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры қызметін атқарып келген Нұрман Абдрасиловтың басқа қызметке ауысуына байланысты сала жұмысын жандандыруға қосқан үлесі үшін «Алғыспен» марапаттап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – 2023-2024 оқу жылына дайындық барысы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Жәнібеков хабарлама жасады.Жаңа оқу жылында 17 мектепте 8219 оқушы оқиды. Оның ішінде, 1 сыныпқа 744 бала қабылданады. Барлық мектеп жаңа оқу жылында оқулықтармен, оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілген. Жаңа оқу жылында мектептердің материалдық-техникалық база жарақтандыру мақсатында 3 білім ошағы жаңа модификациялық физика, химия кабинеттерімен жабдықталуда. Бала қауіпсіздігіне қатысты 2 мектепке бейнебақылау жүйесі, 16 мектепке дабыл түймесі орнатылған.
Аудан әкімі оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы міндетті екенін атады. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына дайындық, оның ішінде оқушылар оқулықтармен толық қамтылып, алдағы жылу беру маусымының ешқандай мәселе болмауы тиістігін ескертті.
Мәжілістегі екінші мәселе – ауданда пайдалануға берілетін құрылыс нысандары бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы А.Берікұлы баяндады. Бөлім басшысы ауданда 4 елді мекенді электрмен жабдықтау, Бесарық елді мекеніндегі спорт кешені және Жетікөл елді мекеніндегі 3 бөлмелі 2 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оларға қатысты тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Берік Әбдіғаппарұлы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы және мерзімінде аяқталуы қатаң бақылауда болуы қажеттігін атап көрсетті.
Аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша хаттамалық тапсырмалар жүктеді.