Театр іргетасы қаланған қала
Қазыналы тарихтың сарғайған парақтарынан 1925 жылы сәуірде Ақмешітте, яғни қазіргі Қызылордада Қырғыз (Қазақ) АКСР кеңестерінің бесінші съезі өткенін білеміз. Осы жиында «Халық ағартудың кезекті мәселелері жөнінде» арнайы қарар қабылданды.
Онда «тұрмысы жүдеу, артта қалған Қазақстанды шаруашылығы жаңғырған күшті, мәдениетті кеңес республикасына айналдыру» жолдары, соның ішінде ұлт театрын құру мәселесі де атап айтылды. «Қазақтың ұлттық театрын құру жеделдетілсін» деген шешім жеке тармақта жазылды. Алайда, оны орындау күзге дейін кешеуілдеді.
Бұған дейін тұңғыш кәсіпқой қазақ театрын ұйымдастыру мәселесі Орынбор қаласында өткен І Жалпықазақтық съезінде көтерілген екен.
Тарихшы Б.Қойшыбаевтың Қазақ ұлттық театрының алғашқы ұйымдастырушысы және директоры Дінше Әділов туралы мақаласында театрға қатысты тарихи деректер молынан келтірілген. Автор ұлттық театр құрудың бірнеше кезеңнен өткенін баяндайды. Бәлкім, Алаштың айбынды азаматтары қолға алмағанда съезд шешімі тағы да қағаз күйінде қалар ма еді? Тарихи қаулының арнайы тармағының іске асуына Дінше – Дінмұхамед Әділовтің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
«Өнерпаздар әуелі Қазақстанның бес жылдығын тойлау күндерінде – 1925 жылдың күзінде астанада бас қосқан және Қызылорданың мерекелі орындарында ән шырқаған. Әйгілі палуан Қажымұқанның көшпелі цирк аренасында өнер көрсетуі ең атышулы, атақты оқиға болған екен. Мерекелік іс-шаралар аяқталған соң, 22 қазанда республиканың Ағарту халкоматында жазушылар мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен қазақ театры жайында кеңейтілген арнайы мәжіліс өткен. Сонда халком Смағұл Садуақасұлы ұлт театрын ашу үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндама жасады» делінген біз негізге алған мақалада.
– Бізде ойнаушылар (артист) бар ма? Әрине бар. Бірақ біздің ойнаушыларымыз әлі төселмеген. Жалпы көптің ішінен әлі бөлініп шыққан жоқ. Біздің артистеріміз әлі өздерінің жолын да анықтаған жоқ. Біздің артистеріміз әрі өлеңші, әнші, әрі ақын, әрі палуан, орысшалап айтқанда, біздің артист операда қандай ойнаса, циркте де сондай ойнауға шамасы келеді.
Кейде артистеріміз пьеса жазушы да болып шығады.
Биыл Семей губерниясында болған «Қоянды» жәрмеңкесінде олар талай ойындар көрсеткен. Ұсталары үстіне қоян болып секіріп шығып, үстінде тұрған қымыз, самауыр, шыны-аяқ соның бәрін қимылдатпай қайта жерге түсіп, қайтадан үстелге шығып, сол сықылды басқа ойындар көрсеткен. Көрген кісілердің айтысына қарағанда, осы жігіт театрда ойнауға да жарайтын болса керек. Биыл жаз Парижге көрініске барып келген Әміре Қашаубайұлын алайық. Бұл өте жақсы ән салатын жігіт. Әміренің әні туралы орыстың журналдарында, газеттерінде көп сөз жазылды. Бәрі де Әміренің әншілігімен қабат оның артистігін де мақтайды. Әміре «Ағашаяқ» деген өлеңді айтқанда шын артист болып кетеді. Қандай салмақты отырған адам «Ағашаяқты» естігенде еріксіз күліп жібереді. Күлдіретін сонда «Ағашаяқтың» өлеңі емес, Әміренің өнері, оның жыламсыраған дауысы, қыржиған беті, жұмылған көздері, қысқасын айтқанда, Әміренің артистігі, – деп жазды С.Сәдуақасов 1925 жылы «Еңбекші қазақта».
Ұлт театрының іргетасы қалану кезіндегі осындай естеліктерді ақтарып отырып, игі іске жұмылған азаматтардың жанашырлығын, жаңалыққа ұмтылысын анық аңғаруға болады.
Қазақ би өнерінің негізін салушы Шара Жиенқұлова «Өмірім менің – өнерім» атты өмірбаяндық кітабының Қ.Жандарбеков туралы тарауында: «Күндердің күнінде Құрманбек Қызылордадан шығатын «Еңбекші қазақ» газетін оқып отырып құлап қалатындай және бір жағдайға кезігеді. Газетте мынадай хабарландыру басылыпты: «Қызылорда қаласында тұңғыш ұлт театры ашылады. Соған мүше болуға жер-жерден өнерпаздарды шақырады…» деген. Семей жағынан Әміре Қашаубаевты және төкпе ақын Иса Байзақовты, Қарқаралыдан күлдіргіш Қалибек Қуанышбаевты, Қостанайдан сауыққой Елубай Өмірзақовты әмбе Серке Қожамқұловты, Алматы қаласынан Құрманбек Жандарбековті, тағы басқаларын шақыратынын жариялаған» деп жазады.
Кейіннен қазақ театр өнерінің негізін салушыларына айналған майталмандар осылайша Қазақ театрының алғашқы труппасына біріккен еді. Алғашқы қойылымдарда ойнаған артистердің есімі ұлттық мәдениет тарихына алтын әріппен таңбаланды.
Ресми деректерде театрдың ашылған күні 1926 жылғы 13 қаңтар, алғашқы қойылымы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» деп жазылғанмен, 13 қаңтар күні Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина» атты пьесасы қойылған деген дерек бар. Сол кездегі «Еңбекші қазақтың» 1926 жылдың басындағы бірнеше нөмірінде «Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік Ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр артистері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан концерт. Демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры Дінше.» деген хабарландыру басылыпты.
Б.Қойшыбаев алғашқы қойылымға қатысты деректің бұрмалануын Діншенің де, Қошкенің де саяси репрессияға ұшырауымен байланыстырады. «Бірақ «Еңлік-Кебек» – Әуезов театрының алғашқы қойылымы» деген дерек ойдан шығарылмаған, ол шынында да құрылу үстіндегі жас театр артистерінің сахнаға шығарған алғашқы спектаклі болды. Тек ол кеңестік мәдениет тарихы айтатын 1926 жылғы 13 қаңтардағы қазақтың ұлттық театрының салтанатты түрде ашылуында емес, саяси тұтқын, саяси репрессиялардың алғашқы толқынында 1930 жылы атылып кеткен Дінше Әділұлы атап айтқан оқиғаға орай – Қазақ өлкелік партия ұйымының Бесінші конференциясы құрметіне ойналған» дейді.
Автордың жазуынша, «Еңбекші қазақтың» кейінгі нөмірлерінде де ұлт театрының қызметі, арнайы ұйымдастырылған бәйге, жекелеген спектакльдерді қоюшы режиссерлер, ойнайтын артистер, туындыларды сараптайтын комиссия құрамы жайында деректер үзбей жарияланып отырған. Сондай жарнамалардың бірінде бәйгеге түскен пьесаны талқылауға көрермендердің де қатысуына мүмкіндік берілгені жазылған. «Жеті кісіден сыншы комиссия ойында болып, пьесаның артық, кем жерлерін бақылап отырады», деген хабардан комиссия құрамында ағарту халкомы Смағұл Садуақасов, өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Ораз Жандосов, орыс театрының режиссері Михаил Насонов, ақын-жазушылар Бейімбет Майлин, Молдағали Жолдыбаев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытовтың болғанын байқаймыз.
Б.Қойшыбаевтың зерттеулеріне қарағанда қазақтың тұңғыш ұлттық театры Қызылордадағы орыс театрымен бір ғимаратта аптаның бейсенбі, жексенбі күндері ойын қойып отырған. Бар болғаны төрт айға созылған бірінші театр маусымында 12 премьера, ұзын саны 20 рет спектакль қойылды. Пьесаны сахнаға дайындауға уақыт тым аз, сондықтан әрі кетсе бір-екі-ақ рет ұсынылатын. Спектакльдер концерттік ойын-сауықтармен астастырыла, соңынан ән-күй, әзіл-сықақ, тіпті, цирктік нөмірлер орындалатын. Ешқандай кәсіби білім алмаған таланттар театр артистері болып қызмет атқарды, түрлі образдарды сомдады. Аяғынан қаз тұрып келе жатқан ұлттық театр өнерінің бастауында осындай ерен еңбек жатыр.
Ш.Жиенқұлованың кітабында «Құрылғанына екі жыл болған Қазақ драма театры Қызылордадан Алматыға гастрольге келді. Атақ-даңқына сырттай қанық ұлттық драма өнерінің тұңғыш қарлығаштары – Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серәлі Қожамқұлов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Құрманбек Жандарбеков, Жұмат Шанин, тағы басқалары спектакльдер қойып, озық өнерлеріне жұртшылықты тәнті етті» деп жазылған. Бұл Қазақ ұлттық театры құрылғаннан бастап репертуар мәселесіне, ол үшін драматургтерді ынталандыруға жете мән бергенін, режиссерлердің де, артистердің де екі жыл ішінде кәсіби жағынан толысқанын аңғартады.
Қызылордада іргетасы қаланған қазақ театрының өркендеуіне ұлттық театр өнерінің бастауында тұрған артистер де, басшылар да барын салды. Осылайша керегесін тіктеген қазақ театры бүгінгі биік белесіне көтерілген.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»
«Сыр бойы»