"Кемеңгер" кітабы оқырманға жол тартты

«Кемеңгер» атты көлемді кітап қолға түскен бойда танысып шықтық. Ғұмырбаяндық жинақтың алғашқы бетінде сенатор, ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлының «Пайда ойламай арды ойлаған аға» атты естелігі жарияланыпты. Естелікте жұртшылыққа таудай талабымен, қайыспас қажырымен, ерен еңбегімен танылған тұлғаның шыққан тегі, еңбек жолы мен азаматтық болмыс-бітімі туралы жазылған. Сенатор көп оқып, көп ізденген Қ.Табынбаевтың ақиқатты жалтақтамай айта білгендігіне және қоғамдық ортақ істе өзін де, өзгені де аямайтын елжандылығына ерекше назар аударған. Мұнан соң кітапты құрастырушы Жаннат Қаһарманқызының әкесі туралы перзенттік пейілі мен ыстық ықыласы ұштасқан мақаласы берілген. Ол өз мақаласында туралықты ту еткен тұлғаның отбасындағы және қоғамдағы орнын, еткен еңбегінің жемісі мен нәтижесін тарқата жазған. Сыр елінің қадірлі де құрметті азаматының есімі ұрпақ жадында мәңгіге сақталатынын айрықша атап өткен.
Алматы қаласындағы «Қаламгер ТЕН» баспаханасында басылған кітапта Жалағаш ауданының әкімі А.Шаменовтің, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаевтің, жазушы Ш.Айбосыновтың, қоғам қайраткерлері Қ.Саржанұлы, Т.Маханов, Б.Досмамбетов, Қ.Баймаханов, Б.Қаюпов, Қ.Бисеновтің және Қазақстанның Құрметті журналисі И.Қарымсақұлының, халықаралық жазушылар одағының мүшесі Е.Әбілдің тұғыры биік тұлға туралы толғаныстары берілген. Ал «Ұрпақ үні» және «Бауырға деген сағыныш» атты бөлімдерінде текті әулеттің рухы биік ұрпақтарының пайымды пікірлері мен орнықты ойлары жазылған.
– Кітап жалпы оқырман қауымға арналғанымен, бұл педагогикалық құндылық пен көркемдік шығармашылық ұштасқан еңбектің жемісі. Ғұмырбаяндық жинақта есімі елге танымал ақсақал, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Табынбаевтың қиындығы мен қызығы қатар өрілген өмір жолы, балалық шағы, бозбала кезеңі, өсу мен өрлеуге толы өмір белестері жөнінде кеңінен жазылған. Елдің қамын ойлаған ел ағасы ісімен де, сөзімен де бізге үлгі болды. Қарапайым тіршілік кешсе де ұрпаққа айтар ұлағаты мол болатын. 1967 жылы Алматыдағы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін Қызылорда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, партия комитетінің екінші хатшысы, Қазалы, Қармақшы аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды, – дейді еңбек ардагері Ж.Қонысбаев.
Кітаптың ерекшелгі сол, өзі өмірден өтсе де көңілдің төрінен орын алған Қ.Табынбаевтың көзі тірісінде жазған мақалалары жинақталып, «Жадтағы жаңғырықтар» атты үлкен бір бөлімге арқау болған. Мұнда қайраткер-тұлғаның өз замандастары жөнінде «Тұғыры биік оғлан», «Ғибратты ғұмыр», «Ойы да, бойы да заңғар еді», «Асыл аға», «Ерен еңбегі еліне сүйікті еткен», «Тәубесі басым, сүйегі асыл жан» «Кәмекең әлемі», «Қос қолымен жаумен алысып, жалғы қолымен жылқымен қауышқан», «Идеология майданының сардары» және т.б. портреттік-эсселері берілген.
Атап өту керек, ұрпақтарының ғұмырбаяндық кітап шығару жөніндегі бастамасына жырау А.Көшеней мен Б.Саймағанбетов қолдау көрсетіп, құрастыруға өз үлестерін қосқан. Кітаптың түйінінде Ж.Қаһарманқызы тілектес жандарға Табынбаевтар әулетінің атынан ризашылығын білдіріп, құнды қазынаның оқырман олжасына айналарына сенім білдірген.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ