Тіршілік тынысы Сырдария аудандық қоғамдық-саяси газет

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 90 газет

19 қараша 2019 ж.

№ 89 газет

16 қараша 2019 ж.

№ 88 газет

12 қараша 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ӘРДАЙЫМ ДА ЕЛМЕН БІРГЕ...

ӘРДАЙЫМ ДА ЕЛМЕН БІРГЕ...


Баспасөз барлық кезеңде де халықты бірлікке, ынтымаққа бастап, олардың еңбектерін айшықтап көрсететін идеологиялық қуатты құрал болып табылады. Шыға бастағанына 26 наурызда 80 жыл толатын аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бүгінгі күні оқырманымен 8728 рет жүздесті.
Аудан үні 1939 жылы «Сталин жолы» деген атпен 1956 жылға дейін, 1956-1963 жылға дейін «Еңбек майданы», 1963-1967 жылдары арасында Сырдария мен Тереңөзек аудандарының бірігуіне орай «Сырдария», 1967-1992 жылдың шілде айының 30 жұлдызына дейін «Еңбек туы» деген атпен шықса, 1992 жылдың 30 шілдесінен 1997 жылға дейін «Тереңөзек тынысы», 1997 жылдан күні бүгінге дейін «Тіршілік тынысы» деген атпен шығып келеді.
Газет өзінің тұңғыш санынан бастап елді отырықшылдыққа шақыру, колхоз құрылысының жемісін насихаттау, коммунистік тәрбие беру, сауаттылық пен саяси білімді көтеруге шақырды. «Колхоз шаруашылығына қарқынды қадам», «Колхоз байлығы – ел байлығы», «Ауданымыздың егіс далаларында» деген айдарлармен материалдар беріліп отырса, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы еңбек, социализм құрылысының жеңісін қорғау, отаншылдыққа тәрбиелеу, жерлес жауынгерлердің қаһармандық ерлігі, тағы басқа көптеген материалдар беріліп тұрған. Осы жылдарда «Барлығы да майдан үшін, бәрі де Отан үшін!», «Барлық күш жауды талқандауға жұмылдырылсын!», «Бір түйір дән, жауға атылған оқ!» деген айдарлармен елді Отан қорғауға шақырып, тылдағы еңбеккерлерді қызу еңбекке жұмылдыра түсті
Соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы колхоз шаруашылығын қалпына келтіру, күріш егуге бет бұру, т.б. көп салалы шаруашылық, мәдени өмір, оқу-ағарту салаларындағы жемісті еңбектер баспасөз бетінде жарияланып тұрған. Сыр бойының негізгі дақылы болып табылатын күріш егісіне бетбұрыс 1964 жылдан кең өріс алды. Осы жылдары Дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың бүкіл облыс еңбекшілерін күріш егуге шақырған Үндеуіне үн қосып, Жақаевшылар қатары көбейді, күріштен мол өнім алушылар қатары өсті.
Газет 1970 жылдан бастап өзінің бет ажарын өзгертіп, арнайы беттер мен жаңа айдарлар аша бастады. «Коммунист», «Кең өріс», «Ақмаржан», «Құрдастар», «Тұлпар», «Құйын», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Асыл мұра», «Шежіре сыр шертеді», «Ауылына қарап азаматын таны», «Ауыл мәселелері басты кезекте», «Жамиғатқа жағымды жаңалық», «Имандылық ишараттары», «Нарық және халық» тағы да басқа да бүгінгі күнге байланысты тың айдарлар мен бөлімдер ашылып, газет оқырманды тарта түсті.
Еліміз егемендік алғаннан кейін ел тұрмысы газет бітенде айқын көрініс тапты. Елбасының, Үкімет тарапынан қабылдаған бағдарламалар, облыс, аудан әкімдерінің маңызы зор даму бағдарламалары аясындағы материалдар оқырман қолдауына ие болды. Мысалы, 2003-2005 жылдары Елбасы Жарлығымен «Ауыл жылдары» болып жариялануына байланысты ауыл өміріне арналған «Ауылым – алтын бесігім», жастардың «Жауқазын», құқық қорғау саласының «Адам және Заң» беттері ашылды. Алдымен балалар шығармашылығына арналған «Рауан» бөлімі кейін оқушылардың сұранысына сай арнайы бет болды. Мұнан басқа «Шалғайда жүр бір түлек» айдарымен Тереңөзекте туып өскен, бүгінде республикаға белгілі өнер адамдары, қоғам дамуына өзіндік үлес қосып жүрген қайраткерлер, тағы да басқа сала мамандарының пікірлері, олармен сұхбат тұрақты түрде жарияланды. «Сұрақ – сізден, жауап – бізден» айдарымен оқырман өзін толғандырып жүрген сұрағына жауап алатын болды.
Бүгінгі күні елмен бірге жасасып келе жатқан аудандық газетті алғаш ұйымдастырып, қиындығы көп жауапты жұмыстардың басы-қасында болған бас редакторлар Мәулен Меңдіқараев, Баймахан Уызбаев, Әбілда Құрманаев, Смайл Ақжігітов, Айтбай Қойшыбаев, Шілдебай Оңғалбаев, Жұмағали Елеуов, Болатбек Аманбаев, Смағұл Маханбетов, Ізхан Досмағамбетов, Абызбай Маханбетов, Қуаныш Татанов, Тынышбек Дайрабаев, Асқар Кіребаев, журналистер Сұлтан Қожаниязов Балашбек Шағыров, Мейрамбек Шілдебаев, Шолпан Оразова, Мүсілім Қалмұратұлының әр қайсысының өзіне лайық еңбегі зор. Әсіресе, Ш.Рахметбеков, Т.Қонақбаев, Ж.Жұмабаев Б.Шертаев, Т.Әлиев, Е.Әбілов, С.Әлімбетов, А.Дәуренбеков, К.Уәйісұлы, Ж.Қонысбаев, Д.Құмақбаевалар жауапты жұмыстарда болып, газеттің мазмұнының байып, оқырмандардың сүйікті басылымына айналуына өзіндік үлестерін қосты.
Кезінде осы аталған газеттен 1940-1970 жылдары алғашқы материалы жарияланған Қалтай Мұхамеджанов, Әбілмәжін Жұмабаев, Әбіраш Жәмішев, Төлепберген Тобағабылов, Сейфолла Оспанов, Нұрхан Жанаев, Қанапия Дәрібаев, Қалмахан Нұралиев, Қайырбек Асанов аудандық газетті шыңдалу мектебі санайтын. 1970-1980 жылдары газет редакциясының жолдамасын алған журналистер М.Дәдікбаев, Н.Рахметова, С.Мыңжасарқызы, А.Қасымова, И.Ыбыраева тағы басқалар аудандық газеттен түлеп ұшты десек қателеспейміз.
Газет авторларының жағрафиясы сонау айдынды Арал мен Алматы арасын қамтиды. Ақын Ж.Дәрібаеваның алғашқы тырнақ алды өлеңдері де осы газеттен бастау алған-ды.
Аудандық баспахана директоры болған В.Тё, механик-баспашы Қ.Төлегенов, баспахананы үзбестен басқарып, газеттің сапалы шығуына атсалысқан Сергей Тоқсанбаев, бас механик-печатник Б.Әбдіхалықов, Ш.Әбдіхалықова мен әріп терушілер Ә.Әбдірахманова, Ш.Беркінбаева, Қ.Балшықбаева, Ж.Тасымбаева, Қ.Асықбаева, Ж.Қожағұлова, корректор К.Жұмабаева, бас есепші С.Еркінбаева, А.Алдановалардың еңбегі ұшан теңіз десе артық болмас.
2014 жылдан бастап обылыс бойынша аудандық газеттер мен обылыстық екі аға басылым, қалалық басылымдар “Сыр Медиа” серіктестігіне біріктірілді. Басылым базасы бұрынғыдан да жаңарып, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілді, редакцияға көлік берілді. Редакция жанынан тарату бөлімі ашылып, серіктестікке қарасты газеттерді өзіміз тарата бастадық. Өткен жылы “Сыр медиа” академиясының ашылуы қаламгерлер үшін зор мүмкіндік. Мұнда жас тілшілердің алғашқы легі дәріс тыңдап, қаламгерлік жолдың қырсырын үйреніп шығып жатыр. Алдағы уақытта бұл жұмыстың ауқымы ұлғаймақ. Бір топ журналистер Мәскеу қаласында болып қайтты. Мұнан бөлек жас тілшілер Астана қаласында өткізілген медиа форумға қатысты.
Талай толғақты кезеңді бастан өткеріп, уақыт көшінен қалмай, оқырман құрметіне бөленген аудандық «Тіршілік тынысы” газеті алдағы уақытта да тәуелсіз еліміздің төл басылымы бола береді.

С.ЕРІМБЕТ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
24 наурыз 2019 ж. 345 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам